#Жаңа Қазақстан

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді



– 20 қарашада өтетін Президент сайлауы – еліміз үшін маңызы айрықша оқиға. Бұл саяси додаға ел азаматтары ғана емес, шетелдегі қандастарымыз да көз тігіп отыр. Өйткені әлемдегі иісі қазақтың жалғыз Отаны бар. Ол – Қазақстан. Осы тұрғыдан алғанда, әр қазақтың көзінің қарашығындай болған Қазақстанымызға көңіл бөліп, ондағы болып жатқан өзгерістерге баса назар аударуы – заңдылық.

Біз қазір дәуір бөлгіш кезеңде тұрмыз. Қазақ халқының береке-бірлігі, ынтымақ-достығы – осы кезеңдегі жүргізіліп жатқан реформалардың ойдағыдай жүзеге асуына мүмкіндік беретін ұлы күш. «Жаңа Қазақстан» бір күнде құрыла қалмайды. Қазірдің өзінде Қазақстан қоғамында тың өзгерістердің келе бастағанын ескерсек, ертеңіміз бұдан да нұрлы, бұдан да жақсы болады деп сенемін.

Қазір халықаралық жағдай да өте аумалы-төкпелі. Көршілерімізде орын алған жағдайдың еліміздің экономикасына да әсер етіп жатқанын біліп, сезіп отырмыз. Ендеше осындай кезеңде бізге ұстамдылық, береке-бірлік керек. Тыныштықтың, берекелі қоғамның бізге ауадай қажет екенін «Қаңтар оқиғасы» көрсетті. Қаншама бауырымыз қыр­шыннан қиылды, ел экономикасына қаншама шығын келді! Демек, біз өткеннен сабақ алып, өміріміздің желкенін дұрыстағанымыз жөн.

Алдағы сайлау ел болашағы үшін айрықша маңызды. Болашақта біздің билік қоғамның қандай болатыны, қандай өзгерістер жасалатыны да осы жолғы сайлаудан анық көрінді деп ойлаймын. Сондықтан отандастарымыз бұл сайлауға бейжай қарамай, белсене атсалысуы керек. Сайлауда әрбір азаматтың дауысы маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз бұл сайлауда да жұдырықтай жұмылып, берекемізді, елдігімізді көрсетуіміз керек. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді қазақ. Төртеуіміз түгел болсын десек, жұдырықтай жұмылайық. Өйткені «саусақ бірікпей, ине ілікпейді».

Риза ҚАЙЫРБАЙҚЫЗЫ,

әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button