Елорда тынысы

Ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі

Кеше Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 32-сессиясы өтті. Сессияны мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов ашып, жүргізді. Жиынға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

Депутаттар алдында «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құқық қорғау органдары жұмысының жай-күйі туралы Астана қаласы Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Марат Төлебаев баяндама жасады.

Қалалық Полиция департаментінің басшысы өз сөзінде қоғамдық тәртіпті сақтау саласының қазіргі жағдайы мен құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына тоқталды. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға байланысты қолға алынып отырған жұмыс жоспарларын айта келіп, қылмыспен күрестегі бүгінгі таңда іс-шаралармен таныстырды, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Бұдан өзге, әкімшілік және қылмыстық іс жүргізу қызметінде цифрландыруды енгізуге көңіл бөлінді.

Ішкі істер органдарындағы халықпен етене жақын жұмыс істейтін сала қызметкерлерінің бірі – көлік полицейлері. Қазір осы бағытта биылғы 21 сәуірден бастап көшедегі көлік құралдарының қозғалысын бақылауда «Қорғау» мобильді қосымшасы пайдаланылады. Жақында ғана жүргізілген рейд кезінде осы қондырғының көмегімен қалада 84 жүргізушінің жалған нөмірмен жүргені анықталып, полиция 1690 жол жүру ережесін бұзушыны тоқтатты. Сондай-ақ жыл басынан бері 13 мыңнан аса қоғамдық тәртіпті бұзған азаматқа 42 миллион теңгеден аса айыппұл салынды.

Бұл негізде бейнебақылау камераларының да көмегі орасан зор. Қазір қала көшелерінде 28 мың бейнекамера орнатылған. Әсіресе кейінгі кезде қала мектептерін бейнекамерамен жабдықтауға баса көңіл бөлінуде. Шаһарда 318 білім беру мекемесінде бейнебақылау жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта бұлардың санын арттыру жоспарланып отыр.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма жұмысы жандана түсуде. Штаты кеңейтіліп, арттехникалармен жабдықталуда.

Қазір полиция органында «Цифрлық полиция» жобасын кеңінен жүзеге асыруға күш салынуда. Осы негізде бейнетіркеу ретінде смартфондарды жалға алу жүйесі қолға алынып отыр.

Органда қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қолдап, моральдік көтермелеу жағы да ойдағыдай. Тек кейінгі екі жылдың өзінде Мемлекет басшысы Жарлығымен 11 қызметкер мемлекеттік наградаға ие болып, індетпен күресте белсенділік танытқаны үшін 75 полицей «Халық алғысы» медаліне ие болды.

– Қалада  Жедел басқару орталығының жұмысы жақсы жолға қойылған. Қиын жағдай туындағанда, көмек керек кезде азаматтар осы орталыққа  арыз-шағымы мен өтінішін жібереді. Біздің ең басты мақсатымыз – олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау, – деді Марат Төлебаев.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button