Елорда тынысы

Ұлттық құндылық – тәрбиенің түп қазығы

Елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиевпен «Жалпыұлттық құндылықтар» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Күні кеше Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы білім алушылармен кездесудің негізгі өзегі ретінде таңдалды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұйымдастырылған ауқымды жиын жас буын үшін ұлттық құндылықтарымыздың маңызын айқындап берді. Ұлттық құрылтайда көтерілген адами қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіру – аталмыш кездесудің басты мақсаты.

Кездесуде профессор Кәрімбек Құрманәлиев мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуында жалпыұлттық құндылықтарға баса мән беретін ұрпақты қалыптастыру маңызы туралы кеңірек сөз қозғады.

«Еңбекқорлық, білімпаздық және адами қасиеттер секілді жалпыұлттық құндылықтарды ұлықтайтын саналы ұлт тұтас елдің даму күшіне айналады. Адал еңбек салтанат құрған қоғамда ғана әділетті Қазақстан орнайды. Жастарымыз диплом алуға емес, жақсы маман болуға ұмтылуы керек. Білікті кадр атану үшін еңбек етпей, маңдайдан тер төкпей, мақсатқа жетудің мүмкіндігі жоқ. Елім маған не бере алады деп емес, мен елім үшін не бере аламын дейтін Алаш баласының түптің-түбінде маңдай терімен тапқан адал еңбегінің наны тәтті болмақ. Жастар өнерді ғылыми деңгейде зерттеуге ұмтылғаны абзал. Себебі өнердің де әлі ашылмаған қыры көп. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз…» деген ұлы Абайдың ілімі «Адал еңбек» концепциясын жан-жақтан ашып көрсетеді. Ұрпақ тәрбиесі отбасынан басталады. Сондықтан әр ата-ана еңбекке баулудың мән-мағынасын ұғындырып қана қоймай, іс жүзінде балаларына көрсете білуі қажет» деді өз сөзінде академик.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді дана халқымыз. Ұлттық құрылтай осы тәмсілдің негізіне құрылғаны сөзсіз. Бүкіл елді біріктіретін алқалы жиынның маңызы жайында өнер ошақтарының білім алушылары да қалыс қалмай, білуге, түсінуге ұмтылуы қуантады. Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова өнердің биігіне талмай еңбек етудің арқасында жетуге болатынын баса айтты.

– Ұлттық құрылтай мен ұлттық құндылықтар тақырыбында өткен, сұрақ-жауап форматында өрбіген іс-шара жастар үшін өте қызық болды. Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдасып, бір шешімге келген. Осының негізін академик Кәрімбек Құрман­әлиев жаттанды сөздермен емес, өз тәжірибесінен мысалдар келтіре отыра, жақсы жеткізді. Отаншыл, елін, өз ісін сүйетін жандардың бойында еңбекқорлық қасиеті бірінші тұрады, – деді Б.Нүсіпжанова.

Кездесуге академияның студенттері, колледж білім алушылары және мектеп оқушылары қатысып, тақырыпқа қатысты өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Іс-шара соңында академия атынан спикерге қазақ би өнерінің падишасы Шара Жиенқұлова туралы оқу орны шығарған туынды естелікке тарту етілді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button