Мәдениет

Көрнекті дипломаттың қос кітабы

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапханада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Экономика ғылымдарының докторы, ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Батырша-ұлының «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия», «Дипломатия на пути к независимости» атты кітабының тұсаукесерi өтті.

Кітапта Сайлау Батырша-ұлының өскелең өмір жолы мен дипломатия саласындағы қызметі баяндалады. Сондай-ақ қазақ халқының дипломатия тарихы мен КСРО және әлем дипломатиясы туралы мол мағлұмат беріледі. Кітаптың ең басты құндылығы ретінде кейіпкердің тәуелсіздік үшін күресіп, қазақ халқының егеменді ел болу талпынысын жүзеге асыруға азаматтық тұрғыдан атсалысып, оны абыроймен атқарып шыққанын атап айтуға болады. Кітапта ұлт тағдыры, тіл, дін, шеттегі қандастар жайы да көп мәселелер қозғалған.

– Мен Сайлау Батырша-ұлының бұл кітабын арнаулы алдырып, құнттап оқып шықтым. Дипломат ретінде мен де көп мағлұмат алдым. Бұл кітаптың іші толған дерек. Әсіресе, біздің тәуелсіздік жылдарындағы қазақ дипломатиясының жалпы жағдайы өте әділдікпен тамаша баяндалған, – деп мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлы ағынан ақтарылса, академик, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан кітаптың форма жағынан да ерекшеленетінін айта келіп, 7 бөлімінен тұратын диалог-эссе кітаптың әр тарауын қысқаша талдап, сөзінің соңын «бұл қазақ дипломатия саласындағы аса құнды кітап» деп түйді.

Айта кетейік, Сайлау Батырша-ұлы Ташкент мемлекеттік университетінде, КСРО Сыртқы істер министрлігінің жоғары дипломатиялық мектебінде, Дамаск университетінің (Сирия) араб филология­сы факультетінде, Париждегі «Француз Альянсы» институтында оқыған. Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар инс­титутында кандидаттық диссертациясын қорғаған алғашқы қазақ. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінде және Ленинград мемлекеттік әлемдік экономика университетінде докторлық диссертациясын қорғаған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button