Мәдениет

«Бейбарыс» қайта жарық көрді

Елордада өткен «Astana Eurasian Book Fair 2024» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде «Бейбарыс» араб халық романының тәржіма кітабы таныстырылды.

Әдебиеттанушы-ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Сауытбек Абдрахманов ана тілімізге ширек ғасыр бұрын тәржімалаған Дешті Қыпшақтың дара перзенті әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы туралы кітапты таныстыру рәсіміне қазақтың бүгінгі танымал белгілі зерттеушілері, тарихшылары мен жазушылары қатысты.

Іс-шараның модераторы, профессор Дихан Қамзабекұлы кітапқа халқымыздың дана перзенті, тарихтың терең білгірі, әдебиет алыбы Әбіш Кекілбаев алғы сөз жазғанын жеткізді. Кітапта бала күнінде тағдырдың жазуымен қазақ жерінен, Атырау бойындағы беріш жұртынан Мысыр жеріне жеткізіліп, ерек ақылымен, бөлек намысымен, сирек қайратымен құлдықтан сұлтандыққа дейін көтерілген, Мысыр мен Сирия­ны 17 жыл бойы билеген, дін мұсылманды кірес керушілерден қорғап қалған әлемге әйгілі әмірші Бейбарыстың ғажайып ғұмыры қазақтың ауызекі әңгіме айту мәнерімен қызғылықты баяндалған. «Фолиант» баспасынан жарық көрген жаңа кітап туралы оның тұсаукесеріне келген Әділ Ахметов, Қуаныш Жиенбай, Мәди Айымбетов, Шерхан Қазығұл, Шерубай Құрманбайұлы сынды әдебиет өкілдері осылай баға берді.

– Аударма авторының шығармашылық шеберлігін ерекше айта кетсек. Өздеріңізге мәлім, Сауытбек Абдрахманов – құйқалы, шүйгінді сөздің қадірін білетін қаламгер. Аудармашы қолданған «кескен теректей сұлаған», «құлақкесті құл», «соқа басы сопайып», «кернейлетіп-сырнайлатып», «жанына сауға сұраған» деген сияқты басқа да жүздеген, мыңдаған сөз тіркестері оқырманды баурайды. Сәукең сондай-ақ ана тіліміздің заңдылығы мен араб сөздерін мүмкіндігінше тігісін жатқызып, қазақыландырған, – деді
Д.Қамзабекұлы.

– Тілі өте қарапайым. Шолоховтың сөзі бар, сенің жазған шығармаң министрге де, етікшіге де түсінікті болу керек деген. Бүгінгі тұсауы кесіліп жатқан роман өте қарапайым, біз өзіміз батырлар жырын, ауызекі әңгімелердің барлығын құлақпен тыңдадық қой, сондай бір әуезді ерекше естігендей боп тұрасың, – деді жазушы Қуаныш Жиенбай. Ол сондай-ақ әлем таныған әміршінің есімін елордадағы Е.Гумилев атындағы маңдайалды оқу орнына беру туралы ұсынысын айтты.

Кітаптың бір құндылығы – Әбіш Кекілбаевтың алғысөзі. Бұл алғысөзді оқудың өзі Бейбарыс туралы керемет мол мәлімет береді. Романның осымен үшінші рет басылып отырғаны кітап ғұмырының әлі де ұзақ боларын айғақтайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button