Басты ақпаратЕл тынысы

Сиань саммитінде не айтылды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия-Қытай» саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия-Қытай» саммиті өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті. Президент іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қытай Халық Республи­ка­­сының Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Ол бүгінде Қытай әлемдік держава ретіндегі өзінің мәрте­бе­сін нығайтып келе жатқанын және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын, экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші екенін атап өтті.

«Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орта­лық Азия елдерінің әлеуетін Қытай­дың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 мил­лиард доллардан астам инвестиция тартылғанын айтты. Соның 23 миллиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.

«Кеше мемлекеттік сапарымның аясында инвестициялық форум өтті. Жиында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бірқатар келісімге қол қойылды. Қазақ тарапы бұл келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Географиялық жағдайымызды ескерсек, біздің еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-логистика дәлізі бола алады. Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай, Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Елдеріміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдалас­тық» деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы аймақтағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Ең алдымен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесі қозғалды.

«Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы (31 млрд доллар) Қазақ­станға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осы ретте, тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады. Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығы пандемияға байланысты үш жыл тоқтап тұрды. Өткен айда оның жұмысы қайта жанданды. Орталық Азия мемлекеттерін осы сауда-логистика хабының әлеуетін бірге пайдалануға шақырамын. Бұл әсіресе Қытаймен ортақ шекарасы жоқ мемлекеттер үшін аса маңызды. Біз қытайлық инвестициялық серіктестермен бірлесіп, шекарада екінші құрғақ порт салуды жоспарлап отырмыз. Осы саладағы тәжірибені ескере отырып, бұл портты жаңа талапқа сай жасаймыз» деді Президент.

Президент көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуды тағы бір басым бағыт деп санайды. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын Астанада Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының тұжырымдамасын жария етті. Содан бері бұл бастаманың тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді.

«Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді. Осы орайда қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ. Транс­каспий халықаралық көлік дәлізі «Қытай – Орталық Азия – Еуропа» бағдарының негізгі бөлігі саналады. Бүгінде осы бағыттың стратегиялық маңызы арта түсті. Біз оның көлік өткізу мүмкіндігін кеңейте береміз. Ол үшін цифрлық тәсілдерді енгізіп, инфрақұрылымды жаң­ғыртамыз. Қытай сыртқа өте көп жүк жөнелтеді. Осы бағыттың әлеуетін толық пайдалану үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет деп есептеймін. Біз қытайлық серіктестермен бұл салада өзара тиімді ықпалдастық орнатуға мүдделіміз. Каспийдегі теңіз порттарының мүмкіндігін кеңейту ісіне атсалысуға шақырамыз. Порт қызметін цифрландыру және жүк кемелерін жасау үшін бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы біздің елдерімізге зор мүмкіндік береді» деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп, энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту керек екенін атап айтты.

Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ынтымақтас­тықтың басым бағыты ретінде атап өтті. Президент Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес, 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін.

«Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет. Су ресурстарын өзара келісіп, ұтымды пайдалану біз үшін өте маңызды. Суды үнемдеп жұмсауға және жер суаруға қатысты тиімді цифрлық тәсілдерді қолданысқа енгізудің орны бөлек. Қытай бұл салада зор табысқа жетті. Сол үшін Қытаймен бірге су шаруашылығы саласына жаңа технология енгізу жоспарын әзірлеуді ұсынамын» деді Президент.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы, мәдениет және білім ынтымақтастығын, сондай-ақ туризмді дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді.

«Орталық Азия елдерінің мәдениеті бай, көрікті жерлері де көп. Соның бәрі қытайлық туристер үшін қызықты болары анық. Осы орайда мен «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынамын. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады. Аймақтар арасындағы ынтымақтастық ­мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Мысалы, шаһарларымыздың өзара бауырлас қала атануы өте маңызды. Кеше Шымкент пен Сиань қалалары және Солтүстік Қазақстан облысы мен Шяньси аймағы арасында ресми түрде бауырластық байланыс орнады. Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылады. Бұдан бөлек, білім беру және ғылым саласындағы ықпалдастықты нығайту керек. Жастарымыздың тұрақты байланыста болғаны ­абзал. Біз білікті маман даярлау ісіне және адам капиталын дамытуға баса мән береміз. Қазақстанда әлемдегі үздік техникалық университеттердің бөлімшелерін ашуға күш салып жатырмыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан да Қытайдың ­Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы ­саясатын құптайды. Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге бағытталған бас­тамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз» деді Мемлекет басшысы.

***

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Президент консулдық ғимаратында Қытайға жасаған мемлекеттік сапарын қорытындылап сөз сөйледі.

«Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шын мәнінде, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше. Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button