Спорт

Қол добынан қола бұйырды



Елордада қол добынан қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Республика күні мерекесі аясында өткен жарысқа үздік 8 команда қатысты.

Он бес және одан төмен жастағы спортшылар арасындағы чемпионатта Астана, Шымкент, Алматы қалаларымен қатар, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарының құрама командалары суперлига және жоғары лига бойынша сынға түсті.

«Чемпионаттың негізгі мақсаты – елордада бұқаралық спорт түрін кеңінен дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, барлық елді мекендерде қол добы ойынын одан әрі дамыту, тұрғындарды дене шынықтыру мен спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, қыздар арасында қол добы ойынының шеберлік деңгейін көтеру, спорт резервін даярлауды қамтамасыз ету, облыс құрама командасын үздік ойыншылармен толықтырып, әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыстыру» деп атап өтті Астана қаласының №5 БЖМОРСМ басшысы Қуат Тлегенов.

Жарыс қорытындысында Шымкенттен келген гандболшылар Павлодар қаласының спортшыларын айқын басымдықпен ұтып, бас жүлдені олжалады. Павлодар қаласының қол допшылары екінші орыннан көрінсе, қола медаль алаң қожайындары Астана қаласының ару қыздарына бұйырды.

Чемпионат барысында қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқы­баев Астана командасының бірқатар ойыншыларына «Қазақстанның спорт шебері» куәлігін тапсырды. Осылайша Ұлжан Каметай, Мадина Мырзамсейитова, Мадина Егинбаева, Маржан Елеусиз, Жамила Сарсенбекова, Дамира Жапарова және Луиза Олейникова қаламыздағы спорт шеберлері қатарын толықтырды.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button