Қала мен Сала

10 үйдің құрылысы аяқталады

Астанада биыл І, ІІ тоқсанда құрылысы ұзаққа созылған тағы 10 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады. Баспанасын жылдар бойы зарығып күткен 500-ге жуық үлескердің мәселесі шешіледі. Бұл туралы қала басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Қуанышты жаңалықты сүйіншілеп жатқанымыздың бір себебі құрылысы бірнеше жылға созылған тұрғын үй кешендерінің соңғы бөлігі биыл аяқталатыны мәлім болды. «Араби 2 – Гранитный 2», «Арыстан, 4-блок», «Future home» секілді ұзаққа созылған нысандардың құрылыс барысымен таныстым. Бұл тұрғын үй кешендері құрылысының басталғанына 12 жылға жуық болды. Мысалы, «Араби 2 – Гранитный 2» тұрғын үй кешені 2013 жылы проблемалы деп танылған. Мұнда 200-ге жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. «Future home» тұрғын үй кешенінің құрылысы да 2013 жылы басталған. Нысанды ЕҚК-ге беру кезінде 4 және 7-қабаттар ғана салынған болатын» деп түсіндірді мәселенің мәнісін әкім.

Жеңіс Қасымбек Астанада құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша ауқымды, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын қадап айтты.

«Осы кезге дейін мемлекет қолдауының арқасында 16 мыңнан астам үлескер отбасының 15,5 мыңға жуығы баспаналы болды. Ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Мәселен, 2023 жылы құрылысы ұзаққа созылған 32 тұрғын үй кешені болатын. Былтыр ұзаққа созылған 22 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл 10 үй қалды, олардың құрылысы осы жылдың І, ІІ тоқсанында аяқталады. Осылайша, қалған 500-ге жуық үлескер отбасы баспаналы болады. Бұл өзекті мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында» деді шаһар басшысы.

Жеңіс Қасымбек үлес­керлермен үнемі кездесіп, олардың барлық мәселесін ашық талқылайды. Сол кездесулерін қала басшысы күн сайын әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) парақшасында бөлісіп отырады. Өйткені үлестік құрылыс нысандары бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Астана әкімі бас қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші туралы есеп берген былтырғы жиында «Бүгінге дейін шамамен 3,6 мың салымшы өзінің көптен күткен пәтер кілтін алды. Ал қалған үлескерлер 2024 жылдың бірінші жартысында жаңа үйіне қоныстанады. Яғни келесі жылы біз елордадағы үлескерлер мәселесін түбегейлі шешеміз» деген еді.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button