Басты ақпаратСараптама

Интернет – цифрландыру құралы

Интернет – цифрландыруды іске асыратын негізгі құрал. Тіпті төртінші өнеркәсіптік революцияның негізі. Бұл – озық елдердің ортақ ұстанымы. Сондықтан интернеттің бесінші буынынан бөлек, 6G мен 7G-ді сынақтан өткізіп, жаппай қолданатын кезеңді белгіледі. Мәселен, 2025 жылы АҚШ пен Қытай, 2028 жылы Корея 6G-ді енгізуді жоспарлап отыр. Өңірдегі ауылдарды айтпағанның өзінде, Астанада интернеттің жылдамдығы әркелкі. Үкімет интернет саласын дамытуда «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын қабылдап, 2024-2028 жылдары 151 миллиард теңге жұмсап, ауылдан елордаға дейін интернет сапасын жақсартуды жоспарлады. Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасына хабарласып, интернеттің сапасын арттыруда қандай істер атқарылып жатқанын білдік.

САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Адамдардың сапалы өмір салтын қалыптастыру жоғары жылдамдықты интернетке тікелей байланысты. Өйткені сервистік қызметтің барлық саласы интернеттегі ресурстар арқылы іске асады. Екінші деңгейлі банктердегі ақша аударымынан бастап ұшаққа немесе пойызға билет алу, тіпті театрға бару және тағы басқа қызмет түрлері интернетке байланды. Ал сымсыз технология – 5G-дің мүмкіндігі 4G-мен салыстырғанда 100 есеге дейін жоғары болады. Мамандар секундына 10 Гб-қа дейін ақпарат алмасуға болатынын айтады. Бүгінде Қытай, Корея сынды елдер 5G-ді өмір шындығына айналдырып, шағын елді мекендеріне дейін таратуды басымдық етті. 2022 жылы Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Астана, Алматы, Шымкент қаласында 5G желісі іске қосылады дегенімен, толық іске асқан жоқ.

Бұл ретте Астана қаласында интернет сапасын жақсартуға жауапты басқарма басшысы Мейрамбек Әшірбеков былай деді:

«Елордада 5G технологиясын енгізу белсенді жүргізілуде. Бүгінде 120-дан астам 5G базалық станциясы орнатылды. 2025 жылға дейін қосымша 150-ден аса 5G базалық станциясы іске қосылады.

Интернет сапасын жақсарту инфрақұрылымды дамытуды, талшықты-оптикалық байланыс желісін, сымсыз технологиялы 5G-дің базалық станциясын салу және жаңартуды қамтиды. Бұл жұмысты мемлекет және жеке ұйымдар жүзеге асырады.

Елордада ұялы байланыс сапасын жақсарту мақсатында министрлікпен бірлесіп ұялы байланыс және мобильді интернет (3G, 4G) бойынша 67 ақ дақ анықталды. Аудан әкімдіктерімен және байланыс операторларымен бірлесіп базалық станцияларды орнатуға қатысты тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. 61 тұрғын үй кешенінің тұрғындары келісім берсе, 6 тұрғын үй бойынша жұмыс жалғасуда».

Интернет жылдамдығын арттыруға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатқанмен, сапасына көңілі толмайтын адам көп. Ал елордаға іргелес орналасқан елді мекендерде интернет қолжетімді ме?

– 5500-ден астам абонент қосылып, 440 шақырым оптикалық кабель тартылды. Яғни әкімдік тұрғын алаптарда талшықты-
оптикалық байланыс желісін жүргізуге белсенді кірісті. Бүгінде Железнодорожный, Пригородный, Заречный, Көктал-2 тұрғындары интернетке қол жеткізді. Көктал-1, Үркер, Интернациональный, Оңтүстік-Шығыс, Агроқалашық, Промышленный және Тельманға интернет қосу жұмысы жалғасуда. Күйгенжар, Мичурин, Қоянды саяжай алабында жобалау-зерттеу жұмысы жүргізілуде, – деп жауап берді басқарма басшысы.

ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСУДА?

Қазір әлем елдері цифрландыруды басым бағыт етіп, сервистің қызмет сапасын арттыруға мән беруде. Елордада бұл бағытта жүйелі жұмыс қалыптасып келеді. Мейрамбек Әшірбековтің сөзінше, Астананы қауіпсіз қалаға айналдыруда 27,7 мың камера орнатылып, біріктірілді. Бұл камералар Астана қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Ал цифрлық трансформация бойынша әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің 100 функциясын автоматтандыру жұмысы жүргізілуде. 2027 жылға дейін туризм, білім беру, спорт, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау және инвестициялар саласында 500-ден астам функцияны автоматтандыру жоспарланды.

Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы қоғамдық көліктің қозғалысын бақылау, сондай-ақ оқу және спорт мекемелері, ұйымдар және басқа да қызметтер туралы білуге болады. Smart Astana қосымшасында 60-тан астам сервис жұмыс істесе, жүктеу саны 300 мыңнан асты.

– Инновацияны қолдау және IT саласын дамыту басымдыққа ие. 60-тан астам стартап жобасы қаралды, оның 10-ы қанатқақты режим ретінде таңдалды. Бұл бастама жас кәсіпкерлерге өз идеясын іске асыруға көмектеседі. iKomek109 орталығы тұрғындардың жайлы және қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге арналған «ақылды қаланың» ажырамас бөлігіне айналды. Осы уақытқа дейін iKomek-ке 11 миллионнан астам өтініш тіркелді. Жыл басынан Астана қаласы әкімдігінің қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 1633 мыңнан астам өтініш түсті. Ал QalaQyzmet бірыңғай терезе қағидаты бо­йынша тұрғын үй-коммуналдық сектор ұйымдарының қызметтерін ұсынады. Орталық ашылған сәттен бастап барлығы 150 қыз­мет түрі іске асып, 550 мыңнан астам қызмет көрсетілді, – деді басқарма басшысы Мейрамбек Әшірбеков.

QalaQyzmet орталығында «Астана АЭК» АҚ, «Астана­энергосбыт» ЖШС, «Астана-­Теплотранзит» АҚ, «Астана су арнасы» МКК, «Астана ЕРЦ» ЖШС, «Clean City NC» ЖШС, «SPK Astana Development» ЖШС, «1000 орын», «Қазақтелеком», ШЖҚ «Elorda Eco System» МКК ұйымының қызмет түрлерін алуға мүмкіндік бар.

Қазір адамның сапалы өмір сүруіне керек сервистік қызмет түрлері смартфон мен планшетке біріккен. Ал ұялы байланыс құралына жоғары жылдамдықты интернет керек-ақ. Ендеше Smart Astana, QalaQyzmet, iKomek109 қызметіне жүгіну үшін интернеттің сапалы болғаны дұрыс.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ЖАҢАЛЫҒЫ

Басқарма басшысынан осының мән-жайын түсіндіріп беруді сұрадық. Өйткені шалғайдағы елді мекендермен қатар бас қаладағы интернеттің сапасын арттыру маңызды.

– «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Астана қаласының әкімдігі ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, операторлардың базалық станциясы үшін антенна-діңгек құрылысын орнатуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде елордадағы ұялы байланыстың сапасын жақсартады. 2024 жылы интернет-провайдерлермен бірлесіп Өндіріс, Кирпичный және Казгородок секілді 3 тұрғын алапта талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргіземіз, – деді салаға жауапты басшы Мейрамбек Әшірбеков.

2024-2027 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыруға бюджеттен және бюджеттен тыс қаржы көзінен 1,5 триллион теңге бөлінеді. 2025 жылдың соңына дейін 5G республикалық маңызы бар қалалар мен барлық облыс орталығына қосылады. Бастысы, республикалық және облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым жүргізіледі. Сөйтіп, межелі уақытқа дейін ел тұрғындарын 100 пайыз жылдамдығы жоғары интернетпен қамтып, елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтады. Жоспар межелі, мақсат сапалы орындалғанын күтеміз. Болмаса, ел аумағында COVID-19 тарап, төтенше жағдай жариялап, ауылдағы балаларымыз үйден оқыған кездері интернеттің сапасын көрдік. Мектеп мұғалімдері үй телефонына жүгініп тапсырма беріп, сабақ түсіндіргені әлі есімізде.

«Қолжетімді интернет» бағдарламасының бір мақсаты – әлем елдерінің интернет жылдамдығын саралайтын рейтингте өз позициясын жоғарылату.

Қыркүйек айында әлемнің 181 еліндегі интернет жылдамдығы сараланып, рейтингте Гонконг көш бастады. Бұл елде 265,17 Мбит/с жылдамдықтағы интернет қолжетімді. Гонконг билігі жыл сайын интернет жылдамдығын арттыруға ұдайы көңіл бөлетінін көруге болады. Мәселен, 2018 жылы 136,43 Мбит/с ұстаса, 2022 жылы 186,02-ге жетті. Алғашқы ондыққа Сингапур, Чили, Біріккен Араб Әмірлігі, Таиланд, АҚШ, Қытай, Дания, Испания 259-187 Мбит/с-пен енді. Қазақстанды алғашқы жиырмалықтан, тіпті отыздықтан таба алмадық.
Өзбекстан 91-орында болса, Беларусь – 92, Қырғызстан – 93, Никарагуа – 94, Албания – 95, Қазақстан 96-орыннан көрінді. Шүкір, алғашқы жүздіктің ішіне ендік. Интернет жылдамдығын талдайтын веб-сервис – speedtest.net біздің елдегі интернеттің жылдамдығын 48,59 Мбит/с деп бағалапты.

2027 жылға дейін ел тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп, Гонконгке жетпесек те, Таиланд­тың деңгейіне көтерілуге мүмкіндік болатын шығар. Үкіметтің міндеті – жоспарды іске асыру, біздің міндет – соған сену. Сендік. Енді іске асуын асыға күтеміз. Өйткені шағын және орта бизнес­тің де, тіпті тұтас мемлекеттің де дамуы интернетке тәуелді болып тұр.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button