#Жаңа Қазақстан

Құндылықтарға көңіл аударды

– Еліміздегі алғашқы жұмыс аптасы Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Қазақ газеттерінің» бас директоры Дихан Қамзабекұлының арасындағы ауқымды сұхбатымен танысудан басталды. Онда Президент ішкі және сыртқы саясатқа қатысты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және атом электр станциясының құрылысы тұрғысында сұрақтарға жауап берді.

Өткен жылды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы 2023 жылы Қазақстан негізгі саяси реформаларды аяқтауға жақын қалғанын атап өтті. Соның ішінде:

– Конституциялық сот жұмысын бастады. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді. Яғни «Конституциялық сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге, Президенттің де еш қақы жоқ» деп түйіндеді.

– Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері жаңа ереже бойынша өтті. Сонымен қатар біз әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйені құра бастадық: экономиканы әртараптандыру және монополиясыздандыру, инфрақұрылымды жаңарту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту.

– Әлеуметтік саладағы өте өзекті мәселелер дәйекті түрде шешілді: мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысы басталды, Әлеуметтік кодекс енгізілді, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысы көтерілді, Ұлттық қордан балаларға арналған аударымдар туралы заң қабылданды.

Бұл ретте өз сұхбатында Мемлекет басшысы стратегия­лық ұлттық бағдарларымызды назардан тыс қалдырмау керектігін ерекше атап өтті.

«Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бас­тамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар» деді Президент.

Міне, осы ұстанымдар бәрімізді біріктіруі керек.

Аделия ТУХБАТОВА,

Астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы

журналистер клубының жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button