Басты ақпаратЖаңалықтарҚоғамҰлт ұпайы

18 миллиондық ел болдық!

Бұл қуаныштың біз үшін маңызы зор, қанаты кең. Бүгінде жер көлемі жағынан әлемде 9-шы территория болып табылатын Қазақстан халқының саны бойынша жаһанның 63-ші елі болып тұр. Осы деректердің өзі біздегі әр шаршы шақырымға 6,60 адамнан келетінін көрсетеді.

Байтақ ел халқы санының 11 748 179-ын, яғни, 66,48 пайы­зын – қазақтар, 3 644 529-ын, яки 20, 61 пайызын орыс нәсілі құрайды. (Бір қызығы, 1926 жылы да орыс ағайындар 20 пайыздан асқан, қазір де солай). Сол сияқты бұл шоғырда өзбектердің – 3,11, украиндардың – 1,64, ұйғырлардың – 1,45, ал татарлардың 1,15 па­йыздық үлестері бар. Мұның бәрі туған халқымыздың жылма-жыл біртіндеп болса да, ұдайы жоғары өрлеу жолында келе жатқанын байқатады.

XX ғасырдың басында, 1913 жылы Алаш арыстарының көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулла, 6 миллион қазақ­пыз!» деп жар салған екен. Өкінішке орай, бұдан кейінгі бұлғақ кезеңінде – ақ пен қызыл айқасқан азамат соғысы жылдарында, содан соңғы 20-шы жылдардың басында қолдан ұйымдас­тырылған алғашқы аштықта, сосын большевиктік-кеңестік биліктен қашып, шет жаққа ауа көшкен жұртымыз­дың есебінен 1926 жылы осы қазақтың саны тең жартысына жуық қысқарып, бар-жоғы 3 627 612 адам болып қалған. Туысқан өзбек халқы 1926 жылғы санақта 3383812-ге жетіп, бізбен қарайлас жұрт болған. Қазір біз 11 миллионнан астық, ал олар 30 миллионға жетті. Осының өзі-ақ біздің ұлт бастан өткерген трагедияның көрінісі, дерегі, дәйегі емес пе? Қазақтың басы шырғалаңға түсіп, санының азаюы мұнымен де тоқтаған жоқ. 30-шы жылдардың басы мен орта тұсындағы қолдан жасалған аштық пен саяси қуғын-сүргін, зобалаң салдарынан 1939 жылы халқымыздың қарасы 2 327 625 адамнан аспай қалды.

Бұл жылдарда да «мың өліп, мың тірілген» қазақ баяғы Ахмет Байтұрсынұлы алты алашқа жар салып, сүйінші сұрайтын деңгейге тек 1989 жылы қатары 6 534 616 адам болған кезде, арада табаны күректей 76 жыл өткеннен кейін ғана қайта жете алды. Қазақтың өз жерінде азшылық кеспіріне ұшырауы, яғни, елдегі екінші көп санды ұлт – орыстарға тізгінді беріп қоюы 1939 жылдан басталды. Сол жылы бұл ұлттың өкілдері 2 458 687 адамға жетіп, 39,9 па­йыздық үлеспен бірінші рет қазақтардан асты. Бұл тенденция 1959, 1970, 1979, 1989 жылдары одан әрі жалғасты.

Халық санағының статистикасына қарағанда, Қазақстанның жалпы халқы 1950-1970 жылдар аралығында айтарлықтай серпінмен өсіп келгені байқалады. Атап айтқанда, 1950 жылы 6 591 600 адамды құраған бұл көрсеткіш, 1959 жылы – 10 137 900, 1970 жылы 13 660 600 адамға жетіп, екі еседен астам өсе түскен. Бірақ содан кейінгі жылдары аса қатты өсім байқалмаған. Бұған 1970-1979 жылдар аралығындағы өсімнің 1,5 миллионнан сәл ғана асқаны айғақ. Ал 1991 жылы Тәуелсіздік қарсаңында халық саны 16 793000 адамға жеткен. Соның 6,6 миллионы қазақтар еді. Бірақ бұдан кейінгі 10 жылда басқа ұлт өкілдерінің алыс және жақын шет елдердегі тарихи отандарына кетуі қатты қарқынмен жүргендіктен, республика халқының саны 2000 жылы 14 900000-ға түсіп кеткен.

Осылайша соңғы 18 жылдың ішінде еліміздің жалпы жұрты 3 061 077 адамға толыққан. Ал тәуелсіздік жылдарынан бергі аралықты толық қамтысақ, бұл көрсеткіштің 1,5 млн адамның шамасынан қайырылатынын да байқаймыз.

Сарапшылар деректеріне қарағанда, 1897 жылдан бері Кеңес дәуірі келмеске кеткенше бұрынғы КСРО халқы 2 есеге дейін өскен екен. Ал соның ішінде 1926 жылы халқының саны бізбен шамалас болған өзбектер 5,5 есеге көбейіпті. Оларда сол өсім әлі қуатты қарқынмен жалғасып келеді. Айталық, 1959 жылғы санақтың қорытындысында олар 5 038 273 болғанын әйгілесе, 1989 жылы 14 142 475 адамға барып тоқтаған. Тә­уел­сіздік жылдарында өзбек жұртына тағы 12 млн адам қосылып, бүгінде өзбектер 26 миллионға жеткен. Ал біздің егемендік жылдарындағы өсі­міміз 5 213 583 адаммен тұ­йық­талады. Бұған да шүкір!

Қазір Қазақстан халқының саны жағынан түркі мемлекеттері арасында Түркия (78 млн) мен Өзбекстаннан (32 млн) ке­йінгі үшінші орында тұр. Бізден ке­йінгі Әзербайжанда 9 млн халық бар. Ел аман, жұрт тыныш болып, кең-байтақ жеріміз ұрпақтарға тола берсін деп тілейік!

Еркін ҚЫДЫР

  банки с кредитными картами с льготным периодом

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button