Жаңалықтар

4500 жұмыс орны бар

Елордада кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтті. Онда 70 кәсіпорын мекемесі 400 жұмыс ұсынды.

 Жәрмеңкеге келген Махамбет Амрин оқуды өткен жылы ғана бітірген. Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді. Былтыр «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында байланыс инженері болып қызмет атқарған. Компаниядағы қысқартудан кейін жұмыссыз қалған жас маман бұл жолы да мамандығы бойынша жұмыс таба алмады. Махамбеттің айтуынша, ұсынылған орындардың жалақысы да төмен.
Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының басшысы Олжас Омар деректер базасында 4500-ге жуық жұмыс орны бар екендігін айтады. «Көбінесе қызмет көрсету саласында мамандар жетіспей жатады. Техникалық мамандар мен құрылысшы сияқты жұмысшылар да сұраныста» дейді ол.
Әкімдіктің жұмыспен қамту орталығы біздің редакцияның жол бойында орналасқан. Орталыққа таңертеңнен ағылып келе жатқан ата-әжелерді байқаймыз. Орайы келгенде, орталық басшысынан мұның мәнісін сұрадық. «Негізі, зейнеткерлер балалары мен немерелеріне жұмыс іздеп келеді.
«Немерем үйде отыр, сіздерде қандай жұмыс бар?» деп сұрайды. Біз олардан «Неге немереңіз емес, өзіңіз келдіңіз?» деп сұрасақ, «Оның қолы тимейді», «Өзі барғысы келмейді» деген сынды жауаптар естиміз» деді орталық басшысы.
Еске сала кетейік, орталықта жұмысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы қарастырылған. Жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әр қызметкері үшін ақша аударады. Мәселен, егер жұмысшы төленетін зейнетақы мен салықты алып тастағанда, қолға 100 мың теңге алса, оның соңғы 24 айы есептелінеді. Осылайша, 4 ай қатарынан 28 мың теңгедей жәрдемақы төленеді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button