Мәдениет

Абайды ардақтаған аламан айтыс

Бас қалада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті.

Өткен 3-4 қараша күндері айтыс­тың іріктеу кезеңіне қатысқан 10 жұптың, яғни 20 ақынның өнерін тамашалаған қазылар алқасы жартылай финалға 8 ақынды (4 жұп) іріктеп алған болатын. Соңғы айналымға Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Серік Қуанған, Еркебұлан Қайназар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Қазырет Бердіхан секілді шашасына шаң жұқпаған жүйріктер шығып, айтыстың көрігін қыздырды.
Сонымен дүбірлі өнер додасында Сыр бойынан келген талантты ақын Мұхтар Ниязовтың жұлдызы жанып, осымен үшінші мәрте «Алтын домбыраны» жеңіп алды. Айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков бірінші орынға ие болды. Еркебұлан Қайназар екінші орынды иеленсе, үшінші орын Серік Қуанға бұйырды. Жеңімпаздарға жүлдені Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі тапсырды.
Биылғы жыр бәйгесінің қазылар алқасын, көрнекті актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов басқарса, айтысты, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілер халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
Сондай-ақ кеш аясында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бабаларымыздан қалған асыл өнеріміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан Дариға Мұштанова, Серік Ыдырысов, Ақмарал Леубаева, Әбілхайыр Сыздықов, Жібек Болтанова секілді ақындар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Айта кетейік, қазіргі жағдайға байланысты айтыс көрерменсіз өтті. Ал телевизияға арналған нұсқасы жақын арада ұлттық арнадан көрсетіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button