Елорда тынысы

Абаттандыру маусымы аяқталды

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде екі рет кеңес өткізіп, елордалықтарға қолайлы жағдай қалыптастыруда көгалдандыру және абаттандыру жұмысын жандандыруды тапсырды.

Жыл басынан қоғамдық кеңістіктер мен променад орындар жөнделіп, қала тұрғындары бос уақытын өткізетін ыңғайлы орындарға айналды. Бұл туралы шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек айтты.

– Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру маусымы аяқталды. Биыл ауқымды жұмыс жүргізілді. Бас-аяғы 165 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) және аула кеңістігі абаттандырылды. Сонымен қатар, бұрын көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарастырылған 9 орынға гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер салынатын болады. Мәселен, Айтматов – Сығанақ көшесінің қиылысындағы учаскеде 12 қабатты көпфункционалды кешеннің орнына гүлзар салынды. Р.Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жеке құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Нәтижесінде бұл учаскеде инвестормен бірге қоғамдық кеңістік салынды. Күмісбеков көшесі, 7/1 мекенжайындағы ескі гараждардың орнына қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орын жасалды. Аумағы абаттандырылып, ағаш отырғызылды және т.б. Ал Көктөбе, 5 мекенжайында бос жердің орнына спорт-ойын аймағы салынды, – деді Жеңіс Қасымбек.

Президент жаяу жүріп, серігетін көшелер керек екенін атаған еді. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылды.

– Қ.Мұңайтпасов пен Бейбітшілік көшесінің бойында жаяу жүргіншіге арналған бірнеше променад ашылып, «Амман» және «Абылай хан» көпірінің астында жаяу жүргіншілер өткелі жасалды. Бұл нысандар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін біріктірді. Орталық жағалаудағы тарихи көшелер жаңарып, «Журналистер аллеясы», Салтанат қақпасының жанындағы гүлзар, Ш.Уәлиханов көшесіндегі Кравцов көшесінен С.Сейфуллин көшесіне дейінгі жаяу жүргінші кеңістігі және тағы басқасы абаттандырылды, – деді қала әкімі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button