Қоғам

Абыройлы азамат

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген сөзі бар. Міне, осындай қасиеттер медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаңабай Дербесінұлы Жұмағазиннің бойына әбден дарыған десек, қателеспейміз.

Еңбек жолын сонау сексенінші жылдардың басында қатардағы хирург, уролог дәрігер болып бастаған Жәкеңнің есімі бүгінде республикаға етене таныс. Кісілігі мен кішілігі жарасқан абзал азаматтың қандай лауа­зымда болса да, қай кезде де өзін қарапайым, жайдарлы ұстай­тыны кім-кімді де сүйсін­діреді.
Ол 1989-1991 жылдары Мәскеу қаласындағы Н.Блохин атындағы Бүкілодақтық онкологиялық ғылыми орталығында ординатураны үздік бітіріп, медицина ғылымының кандидаты, ал төрт жылдан кейін докторлығын абыроймен қорғап шықты. Бүгінде профессордың қаламынан оннан астам оқулық, урология саласы жайлы жиырмадан аса ғылыми материал, «Қуық астындағы қатерлі ісікті емдеу тәсілдері» жөнінде монография, жалпы саны 140-қа жуық ғылыми ма­қалалар жарыққа шықты. Білікті ұстаз ретінде бес медицина ғылымының кандидатын, сондай-ақ 50-ден астам уролог, онколог дәрігерлерді дайындап шығарды.
Тәжірибелі дәрігер 2001-2004 жылдары Онкология және радио­логия ғылыми-зерттеу институты жанынан ашылған онко­урология бөлімін басқара жүріп, несеп жүйесіндегі қатерлі ісікке пластикалық операция жасауды жүзеге асырды. Сондай-ақ, елімізде тұңғыш рет бөтекедегі және несеп жолындағы қатерлі ісіктерге иммунотерапия жасау­дың әдістерін қолданды. Ал Атырау облыстық ауруханасында урология бөлімін басқара жүріп әрі облыстың штаттан тыс бас урологы ретінде осы өңірдегі мұнай өнімдері қалдықтарының адам денсаулығы мен табиғатқа келтірер әсерін ғылыми тұрғыда зерттеуде де біраз тер төкті. Оның нәтижесі Қазақстан мен Ресейдің арнаулы ғылыми журналдарында жарияланды.
Дәрігер қай қызметте болсын, абырой биігінен көрінді. Мәселен, Астана қаласындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасын басқарған тұста «Сала көшбасшысы-2014» сер­тификатын және «Алтын бел­гісін» жеңіп алды. Сөйтіп, оның жетекшілігіндегі аталған меди­циналық ұжым Қазақстан бойынша – екінші, ал Астана бойынша бірінші орынға ие болды.
«Жаңабай Дербесінұлы небір күрделі оталарды сәтті жасап жүр» деп бастады әңгімесін уролог-дәрігер Талғат Құрманов.
– Сондай сәттерде ота жасауға біз де бірге қатысамыз. Оның біліктілігі мен тәжірибесі барша жас мамандарға тың серпін беріп, өз істеріне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Тіпті әрбір емделушілердің өзі Жәкеңе деген ризашылықтарын, алғысын білдіріп жатқанда қызыға қарай­тынымыз бар, – дейді әріптес інісі.
Біраз жылдардан бері Астана қаласындағы ұлттық онкология және трансплантология орталығында жоғары дәрежедегі онколог-уролог қызметін жемісті атқарып жүрген Жаңабай Дербе­сін­ұлының дәрігер, ғалым, ұстаз, жаңашыл және басшы ретіндегі жақсы қасиеттері өзінен кейінгі буынға өнеге. «Ауырып ем ізде­генше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы берік ұстанған, халық денсаулығын сақтау және оны қалыпқа келтіру жолында еселі еңбек пен тамаша табыстың үлгісін көрсетіп жүрген ғалым-дәрігерге жақсылықтар мен жаңа жетістіктер, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Мұсағали БАҚЫТЖАН,
ҚР білім беру ісінің үздігі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button