Басты ақпаратСаясат

Орталық Азия елдеріне ортақ түсіністік керек

Кеше Астанада Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі болды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Меджлис төрайымы Акджа Нурбердыева қатысты.

Бес ел басшысының кездесуі жабық есік жағдайында өтті. Соңынан Нұрсұлтан Назарбаев жиынның қорытындысы жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг берді.  Мұнда Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері лидерлері өткізген басқосудың негізгі нәтижелеріне тоқталды.
– Консультативтік жұмыс кездесуі толық өзара түсіністік пен тату көршілік жағдайында өтті, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біз күн тәр­тібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пайымды да сындарлы ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Өңірдің көлік-логис­тика жүйесін екі жақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да бірлесе қалыптастырамыз. Сонымен бірге, біздің алуан түрлі ішкі өңірлік проблемаларымызды да ешкімнің сырттан келіп шешіп бермейтінін түсінеміз. Осыған орай аймақтағы базалық басымдықтарды анықтап, келешектегі жұмыс жоспарын жасап алдық.
Мемлекет басшысы Орталық Азия­ның барлық елдері Ресей Федерациясымен белсенді экономикалық ынтымақтастықта жұмыс жасай беретінін де атап өтті. Бұдан әрі өңірлік қауіпсіздік пен Ауғанстандағы ахуал мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздер нәтижелеріне назар аударды.
Орталық Азияның барлық елдері Ауғанстандағы саяси-экономикалық даму мен саясат мәселелерін реттеп отыруға қолдау көрсетіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз өз күш-жігерімізді Ауғанстан проблемасын халықаралық деңгейде талқылауды жалғастыруға жұмылдыра түсу жөнінде келісімге келдік. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде аталмыш жұмыстарды халықаралық дәрежеде белсенді түрде жүргізе береді.
Президент біздің еліміз өңір елдерінің қауіпсіздік кеңесі аппараттары арасында бес жақты тұрақты консультациялар жүргізу тетігін жасауды ұсынғанын әңгімеледі.
– Бұл келісілген ұстанымдарды іске асыра отырып, өңір қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша тұрақты диалог жасап тұруға мүмкіндік береді, – деді ол. – Бес ел арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау жұмыстарын аяқтау ісі негізгі бағыт болып саналады. Осыған бай­ла­ныс­ты делегация басшылары өңі­-
ріміздегі қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты күшейту мақсатында бұл үдерісті жылдамдату қажеттігін мақұлдады. Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық өзара ықпалдастық мәселелеріне тоқталғанда, оның өңірдің қарқынды дамуына серпін беріп келе жатқанына назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі ілгерілей беретінін айтты. Бұған аталған мемлекеттердің әлеуеті толық жетеді.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының мә­ліметі бойынша, соңғы 10 жылда Орталық Азия елдеріндегі ішкі жалпы өнімнің орташа өсімі 6,2 пайызды құрады, – деді Елбасы. – Бұл сол кезеңдегі 2,6 пайыздық орташа көрсеткіштен асып түседі. Өңір елдерінің сыртқы саудасында да өсім болғаны байқалды.
Мемлекет басшысының айтуынша, өзара сауда көлемінің өсуі Орталық Азия елдеріндегі тұрғындардың өмір сүру деңгейінің артуына септігін тигізіп отыр. Ал бұл жұмыс кездесуі барысында өңірлік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар да қарастырылған болып шықты.
Қазақстан басшысы экономиканы жаңа инновациялық-цифрлық платформаға көшіру қажеттігіне тоқталып, транзиттік тасымалдаулар кезінде тарифтік саясатты оңтайландырудың және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетудің маңыздылығына мән берді. Ол бұдан бөлек, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мәселелерін ортақ құқықтық ұстанымдар, өзара құрмет және барлық тараптың мүдделерін сақтау негізінде шешудің маңызды екеніне айрықша салмақ салды.
Қазақстан Президенті консультативті кездесу барысында өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатымен вице-премьерлер деңгейінде бес жақты жұмыс комиссиясын құру туралы ұсыныс­тың талқыланғанын атап өтті. Сонымен бірге, қарқынды даму үшін ішкі өңірлік қаржыландыру көздерін қалыптастыру керектігі туралы тұ­жырымға қазық байлады. Бұдан әрі мәдени-гуманитарлық байланыстар өңірлік өзара іс-қимылды күшейтудің маңызды факторы болып саналатынына көңіл бөлді.
Соңында Қазақстан басшысы қол жеткізілген уағдаластықтар мемлекеттеріміз ынтымақтастығына айтарлықтай серпін беретініне сенетінін айтты.
– Ең бастысы, бізде өзара ортақ түсіністік қалыптасты, сондай-ақ серіктестігімізді нығайтуға және бір-бірімізге қолдау көрсетуге ниеттіміз, – деді ол. – Сондықтан мұндай кездесулерді жыл сайын тұрақты түрде, барлығымызға ортақ ұлы Нау­рыз мерекесі қарсаңында өткізіп тұру жөнінде уағдаластық.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button