Денсаулық

Антына адалдық

Дәрігер Ақбота Әбіш­баева­мен пойызда таныс­тым. Мазам болмай келе жатқанын көріп: «Мен дә­рігер едім» деп жаныма келіп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті. Тіпті қысыл­таяңда қалтасынан табыл­ған дәрісін де ішкізіп, Астанаға жеткенше жағдайым біршама жақсарып қалды.

– Дәрігерлер тек медициналық мекемелерде ғана емес, қайда жүрсе де міндетін естен шығармайды. Қандай жағдайда болмасын, алдымен қол ұшын беруге тырысамыз. Өйткені дәрігерлердің өзіндік ұстанымы бар. Оның біріншісі міндетіне адалдық болса, адам ағзасына зиян тигізбей ем жасау да басты нәрсе. Алдымен аурудың жайын ойлап, ол аяғынан тұрып кетпейінше біліміміз бен білігімізді аямауды жоғары оқу орындарында қалыптастырады. Заман өзгерген сайын медициналық жаңа дәрі-дәрмектер, емдеу барысындағы өзгерістерге мән беріп, үнемі білімімізді жетілдіріп отыру да осы жауапкершіліктен туындайды, – деп өзі туралы әңгімесін жалғастырды.
1985 жылы дүниеге келген Ақбота 2002 жылы халықаралық түрік-қазақ университетінің шығыс факультетін бітіреді. 2009 жылы жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алып, адам емдеудің екі әдісін де қатар меңгереді. 2010 жылы Астана қаласының медицина университетінде қайта даярлықтан өтіп, жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігер мамандығын алып шығады. Сегіз жылдан бері қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек етіп келеді екен.
Жалпы, дәрігерлерге ортақ бір қасиет бар сияқты. Ең бастысы, жүзінен мейірім төгіліп, қарапайымдылығы мен ашықтығы көңілге сенім ұялатады. Ал ауырған жеріңде шыбын жаның тұрғандай қиналғанда шипагер жан­дардың сабырлығы кеселіңіздің жартысын жеңгендей әсер етеді. Егер бас ауырып, балтыр сыздағанда осы айтылған бар қасиет бойында табылған Ақбота сияқты дәрігердің қасымызда жүргені көңілге дем беріп, жылуын шашады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button