Жаңалықтар

АДАМЗАТТЫҢ АҚЫНЫ

99

Жуырда Назарбаев университетінде «Абай – әлемдік феномен» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ұлы тұлғаның 170 жылдығына арналған шараға Қытай, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Армения сынды мемлекеттерден келген ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.

«Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспет­ті. Соған қарап тілегіміздің дұрыс-бұрыстығын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді.
Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын» деген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі бар. Мемлекет басшысының осы сөзін басшылыққа алған алқалы жиынды ұйымдастырушылар қазақ әлі толық танып болмаған Абайды әр қырынан ашуға тырысты.
Назарбаев университетінде Абай әлемін танудың кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл жаңалықты жеткізген аталмыш оқу орнының профессоры, қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафедрасының меңгерушісі Гүлтас Құрманбай сол бағытта атқарылып отырған жұмыстармен таныстырды. «Конфуций, Шекспир, Толстой шығармаларында айтылатын ой Абайдың ойымен үндесіп жатыр. Кей тұста Абайдың ойы олардан аспаса, кем түспейді. Біз Абайды қазақ дүниетанымы деңгейінен планетарлық дүниетаным деңгейіне жеткізуіміз керек» дейді ол.
Гүлтас Сайынқызы айтқандай, Абай әлемдік руханиятқа зор үлес қосқан тұлға ретінде танылуы тиіс. Сол үшін ақын мұрасын зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар зерттеудің заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп, бұл іске магистранттар мен докторанттар тартылуы шарт. Оның шығармаларын орта мектеп оқушыларына, жоғары оқу орны студенттеріне құр жаттатып қана қоймай, моральдік, этикалық, пәлсапалық мәніне терең талдау жасау арқылы оқыту керек. Абайдың шетел тілдеріне аударылған туындыларының сапасын зерттей, сараптай алатын біліктілігі жоғары мамандарды даярлау да аса өзекті болып отыр. Жалпы адамзатқа ортақ ұлы ақынның «Толық адам» ілімін қазіргі қоғамның кредосына айналдыру да маңызды іс.
Белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Абай дүниетанымын тануға түбірлі өзгеріс қажет деп есептейді.
– Жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап қарағанда, Абайдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып-білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз қандай бағыт-бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Абайтану саласында осы жаңа танымдық өзгерістерге тікелей байланысты соны міндеттер алға қойылып, ескірген ұғым танымдар өзгеріп, жаңа таным, соны көзқарастар үстемдік ете бастайтын заман туды, – дейді ол.
Оның айтуынша, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы абайтану бөлімінен бастап, бірнеше жоғары оқу орнында бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Алайда, араларында байланыс жоқ, әрқайсысы не істеп жатқаны беймағлұм, зерттеу ісі бытыраңқы күйде келе жатыр. Ғалым Астанада ашылуы жоспарланған Абайтану ғылыми-зерттеу институтына көп үміт артып отыр. Осы институт абайтанудағы ортақ бағыт-бағдарды айқындап, Абай мұрасын зерттеуде көшбасшы орынды алады деп сенеді.
Филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек ұстазы, әдебиеттанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың Абайға қатысты бір рухани ерлігін еске алды. – Ол 1941 жылы «Қазақтың біріккен әдебиет» баспасының бас редакторы болып жүргенде Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің қарсылығына қарамастан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын баспадан шығарады. «Социалистік Қазақстан» газетіне кітап жөнінде мақала бастырады. Сол үшін қызметтен қуылады. «Абайдың жарыққа шығуына Бейсенбай Кенжебаев қызметтен кету арқылы қызмет етті, – дейді Құлбек Ергөбек.
Бейсенбай Кенжебаевтың «Алаш» партиясын ақтаймын деп, қуғынға ұшырағаны да белгілі. Абай мұрасына Әлихан Бөкейханов бастаған, Ахмет Байтұрсынұлы қостаған осы партия көсемдері де қамқорлық танытты. Мұны тағы бір әдебиеттанушы ғалым Өмірхан Әбдиманұлы «Алаш зиялылары танымындағы Абай» атты баяндамасында жан-жақты атап көрсетті.
Қазан федералдық университетінің профессоры Хатип Миннегулов салыстырмалы талдау арқылы Абай және татар ақыны Ғабдолла Тоқай арасында параллель жүргізді. Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшісінің кеңесшісі, аудармашы Зафер Кибар «Абай шығармаларының түркі халықтары әдебиетінде алатын орны» тақырыбында баяндама оқып, түрік тіліне өзі тәржімалап, жарыққа шығарған Абайдың қос кітабымен таныстырды. «Қос кітап былтыр Түркияда 5 мың таралыммен жарық көрді. Түркияда, Әзербайжанда, Түркіменстанда, Балқан елдерінде, Америкада, Австралияда оғыз тобындағы түріктер мекен етеді. Бұл тәржімам Абайды олардың түсінуіне жол ашты» дейді аудармашы.
Конференция барысында Назарбаев университетінің студенттері Абайдың әр тілге аударылған өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Кезінде Абай шығармаларының Еуропаға жетуіне ақын, аудармашы, марқұм Ғалымжан Мұқанов үлкен еңбек сіңірген еді. Оның аудармасымен «Ғақлия сөздері» мен «Ескендір» және «Масғұт» поэмалары жеке кітап болып француз тілінде жарық көрді. Абай шығармаларын шет тілдеріне үздік аударудың республикалық конкурстың лауреаты да атанған. Бұл кітаптардың баспадан шыққанына да 20 жылдан асты. Абайды әлемге танытамыз десек, біздіңше, бұл кітаптар қайта басылуы тиіс…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button