Жаңалықтар

ТЕМЕНОВТІҢ «ТЫРНАЛАРЫ» МӘСКЕУГЕ ҰШТЫ

тырна

Мәскеу қаласында 29 қараша-6 желтоқсан күндері «Золотой витязь» атты XIII халықаралық театр форумы өтеді. Оған Астана қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» атты  лирикалық драмасымен қатысады. Қойылым режиссері – Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменов. Қазақ тіліне аударған – белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әшірбек Сығай.   

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай сахналанған лирикалық драмада қазақ солдаты Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы махаббат хикаясы жөнінде баяндалады. Басты рөлдерді театрдың жас актері Әбілмансұр Серіков пен жас актрисасы Ақмарал Танабаева сомдайды. Сондай-ақ, көрермен Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омарды, Нүркен Өтеуіловті, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаев пен  дарынды актер Қуандық Қыстықбаевты көре алады.

Театр форумына Ресей, Қазақстан, Болгария, Грузия мемлекеттерінен 24 театр ұжымы қатысады. Қаллеки театры Мәскеудің Ресей армиясының академиялық театры сахнасында өнер көрсетеді. «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымын биыл Астанада қонақта болған ресейлік театр мамандары Константин Щербаков пен Олег Пивоваров тамашалап, драманың қойылуына, актерлердің ойынына жоғары баға бергенін айта кету керек.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button