Әлеумет

Әкімдер елмен етене

 Шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов атап айт­­қандай, әкімдіктер жұмысы ашықтыққа негізделген. Қаланың кез келген тұрғыны өзін толғандырған мәселесімен әкімдіктер көмегіне жүгіне алады. Қала әкімі бұл жұмысты одан әрі дамыту мақсатында «Ашық есік» апталығын ұйымдастыруды тапсырды.

– Барлық азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойын­ша өтініштерін жеткізу үшін аудан әкімдері уәкілетті органдармен бірлесіп, «Ашық есік» апталығын өткізсін. Бірде-бір мәселе әкімдік назарынан тыс қалмасын. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету керек, – деді шаһар басшысы.
Өткен аптада елорданың төрт ауданының әкімдері жергілікті биліктің қолдауын қажет ететін көпбалалы отбасылармен кездесу өткізген. Атқарылған жұмыс туралы олар қала басшысына есеп берді.
Алматы ауданында қазіргі таңда тұратын 4543 көпбалалы ананың 49-ы атаулы әлеуметтік көмек алады. Аудан әкімінің аппаратына 8-11 ақпан аралығында мемлекеттік органдар қабыл­дауына 73 адам келді. Оның 38-і – көпбалалы отбасылардың мүшелері. Жақын арада әкімдік
қызметкерлері тағы 28 көпбалалы отбасына барады.
Әкімдікке келгендердің 85 па­йыздан астамы баспана мәселесін қозғады. «Барлық мәселе бойынша түсініктемелер мен ұсыныстар берілді. Көмекке мұқтаж азаматтар есепке алынды» деді аудан әкімі Әділбек Сәрсембаев.
Байқоңыр ауданындағы көпбалалы отбасылардың бір апта ішінде анықталған мәселелері бойынша төмендегідей көмек көрсетілді: 16 отбасыға азық-түлік берілді; 8 отбасы көмірмен қамтамасыз етіліп, әр отбасыға 2 текше метр ағаш түсірілді. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылардан шыққан 22 балаға демеушілердің көмегімен киім әперілді.
«Жеке үйлерде тұратын екі отбасы өрт қаупін хабарлау дабылын орнатуға ниет білдірді. Жастар жылы аясында 7 бала ақысыз негізде жеке балабақшаларда оқитын болады. Жалпы алғанда, 24 отбасына көмек беріледі» деді аудан әкімі Ерлан Қаналимов.
Есіл ауданының әкімі Төлеген Закарьяновтың айтуынша, аппарат қызметкерлері көмекті қажет ететін 25 адамның тізімін жасады. «Негізінен, тұрғындарды баспанаға ие болу, әлеуметтік көмір алу, жәрдемақы мөлшерін арттыру, мектептерде тегін тамақтану, қоғамдық көлікте балаларға жеңілдікпен жол жүру билеттерін беру, тұрғын үйді алу кезінде тіркеу және демеушілік көмек көрсету мәселелері алаңдатты. Азаматтарға өздерін толғандыр­ған мәселелер бойынша заңнама түсіндірілді» деді Т.Закарьянов.
Сарыарқа ауданында көпбалалы отбасыларды қабылдау 8 ақпанда басталды. Олардың барлығы телефон қоңырауы арқылы қабылдау­ға шақырылды. Қабылдауға 127 адам, соның ішінде 74 ата-ана келді. 12 адам кездесуден бас тартты. Тізімнен тыс қабылдауға 53 адам келді. Барлық сұрақ бойынша қажетті ақпарат беріліп, мәселелерді шешу жолдары көрсетілді.
«Қабылдау барысында 286 өтініш келіп түсті. Олардың басым бөлігі тұрғын үй беруге қатысты болды. Осы 2-3 күн ішінде 14 отбасыға тегін көмір жеткізілсе, 30 отбасы азық-түлікпен қамта­масыз етілді. Барлығына көмек көрсетеміз» деді аудан әкімі Арман Тұрлыбек.
Аудан әкімдерінің баяндамаларын тыңдаған Бақыт Сұлтанов олардың көпбалалы отбасыларға көмек көрсету жұмысына оң баға беріп, бұл мәселені тиімді шешу керектігін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button