Құқық

«Әл-Баракат» ісі: 78 сот отырысының қорытындысы қандай?

Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын «Әл Баракат» компаниясы қала іргесіндегі Қосшы кентінен «Жайлау» тұрғын үй кешенін арзан бағаға тұрғызамыз деп, 200 үлескерден ақша жинаған болатын. Жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржыны қолды қылған компания басшысы соңында алаяқ деп танылып, 8 жылға сотталып кетті.
Ал бар қаражатын құйған халық ақшасын қайтара алды ма? Алданған үлескерлер бұл тығырықтан қалай шықты?

«Арзанның сорпасы та­тымас». Халықтың ең осал жерін дөп басқан компания сол жылдары жан-жаққа хабарландыру таратты. Онда пәтер құнының 25-30 пайы­зын қолма-қол төлесеңіз болғаны, қалған соманы бас­панаға кіріп алғаннан кейінгі бес жыл ішінде жабу қажеттігі айтылған еді. Үйсіз жүргендерге ең қолайлы баға осы болды. Сондықтан қаржы құйғандардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер де, қалам ұстаған журналис­тер де, қарапайым жұмысшылар да болды.

Құр сөзбен жүргізілген құрылыс

Егер Астана қаласының әкімдігі алаяқ компаниялардың тізімін жарияламағанда, «Әл-Баракат» өз кеңсе­сінде ақша жинауды жалғас­тыра берер ме еді?!
Анығында құрылыс тек сөзбен ғана жүргізіліп жат­қаны үлескерлерге де белгілі болды. Сондықтан 2014 жыл­дың күзінде құрылыс салу­шыға қатыс­ты қылмыс­тық іс қозғалды. Тергеу жүргізілген уақыт ішінде тұрғын үй кешені салынуы тиіс жер учаскесі түсініксіз түрде сатылып, иесі басқа адам болып шыға келді. Алданған үлескерлер өз құқықтарын дәлелдеу үшін сот кабинеттерін қайтадан жағалауға тура келді. Қолды болған ақшаларын қайтарып алу үшін олар экономикалық сотқа жүгінді. Екі жыл ішінде 78 сот отырысы өткізілді.
Нәтижесінде 2016 жылы үлес­керлерден құралған коо­ператив жер учаскесін иеленуге құқық алды.

Құйған қаржы қайтпады

Құрылысқа салынған қаражат туралы қысқаша айтсақ, өкінішке қарай, ешкімнің ақшасы қайтарылмады. Өйткені тергеу кезінде құрылыс салушының шоттарында бір тиын да қалмаған. Осылайша, жеке баспаналары жоқ, жалдамалы пәтерде тұ­ратындар қиын жағдайды бастан кешті. Жалпы, алаяқ компания мыңдаған адамды алдаған болып шықты. Кейін анықталғандай, үлескерлер компания­мен ортақ құрылыс туралы келісімге келмеген. Инвес­тициялық келісімшартты әзірлеуші компания «инвес­тор» деген сәнді терминді тиімді пайдаланғаны анықталған. Сенген халық өз еріктерімен жобаға қаражат құйды. Бір қызығы, объектілерде ешқандай құрылыс басталмағаны жөнінде дабыл қаға бастағанда компания басшысы үлес­керлермен кездесулер өткізіп, құрылыс­тың созылуын шенеуніктер мен ондағы өзге де мәселелермен байланыстырып, түсіндірумен болған.

Жергілікті биліктің жәрдемі

Үлескерлер мәселесіне Ас­тана қаласының әкім­дігі бейжай қарамады. Құрылыстың заңсыз, құжаттардың жалған екендігі туралы мәлімет бірден хабарланды. Жергілікті атқарушы органдар мәселені шешуге барынша қолдау көр­сетті. Бастап­қыда Астана қаласы әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссия­ға жүгінген үлескерлерге мә­­селені шешудің барлық жолдары егжей-тегжейлі тү­­­сін­дірілді. Құрылыс нысаны Астанаға өте жа­қын бол­ға­нымен, тер­ри­тория­лық аумағы Ақмола облысына қа­райтын болған соң әрмен қарай облыстық әкімдік айналысты. Ақмол ауылдық әкімдігінің қызметкерлері де бұл процесті бір сәтке де ке­шік­тірмей шешуге көмектесті.

Тығырықтан шығатын жол

Сонымен аяқсыз қалған тұрғын үй құрылысын жал­ғас­тыру үшін 200-ден астам үлескер кооперативке бірікті. Яғни «Жайлау city» тұрғын үй кооперативін құрды. Енді алдағы 45 күннің ішінде көптен күткен тұрғын үй кеше­нінің құрылысы басталады. Олардың ең үлкен жеңісі – жер учаскесін иеленуге құқық алуы. Қазір жаңадан «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысы жос­парланып отыр.
«Жайлау city» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы Гүлнәр Мермұқанованың айтуынша, бүгінде тұрғын үй кешендерінің атауы толығымен өзгерген.
Нысанның құрылысына ешкім ақша таппағандықтан, бағасы да өзіндік құны бо­йынша сатылмақ. Тоғыз қабатты төрт үйден тұратын тұрғын үй кешенінде барлығы 647 пәтер бар. Кооперативке қосылғысы келген адам пәтер құнының отыз пайызын төлейді, қалған соманы үш жылға дейін бөліп төлеуге болады екен.

P.S.: Астанада үлескерлер мәселесі әлі күнге дейін өзекті. «Алға, Тоқболат», «Орал дизайн строй», «Тамыз инвест групп» секілді компания­лардың басшылары миллиардтаған қаржыны жымқырып, өздері сотталып тынды. Елімізде 2006 жылы қабылданған үлестік қатысу туралы заң пәтер сатып алушыларды мұндай алаяқтардан қорғай алмады. Дегенмен, 2016 жылы 10 қазанда күшіне енген «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа заңы жоғарыда айтылған қателіктердің қайталануына енді жол бермейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button