Басты ақпарат

Алға адымдай беру керек!

1 қыркүйекте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламентінің 6-шы шақырылымының төртінші сессиясының ашылуына қатысты. Елбасы депутаттар алдында сөйлеген сөзінде халық қалаулыларын Парламенттің жаңа сессиясының ашылуымен құттықтап, алтыншы шақырылымның депутаттық корпусы жоғары кәсібилік көрсетіп, Үкіметпен өзара үйлесімді ықпалдастық танытқанын атап өтті.

– Парламенттің үшінші сессиясының қорытындысы бойынша 87 заң қабылданды, соның ішінде мен жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманың» тиісті нормативтік құқықтық негізі қалыптас­ты. Бұл алты миллионнан астам қазақстандықтың әл-ауқатын арттырып, өсіп-өркендеуіміздің бас­ты шарты саналатын халқымыздың бірлігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елі­міздің экономикалық жетіс­тіктеріне арнайы тоқталды.
– Қазақстандағы ішкі жалпы өнім 4 пайызға артты, инфляция 5,9 пайызға төмендеді, инвестиция көлемі 24 пайызға өсті. Экономика мен қоғамның тиімді жаңғыруына қажетті жағдайлар жасалуда. Біз былтырдан бастап экономиканың әлемдегі орташа даму қарқынынан оза бастадық. Өңдеу өнеркәсібі, көлік және қызмет көрсету салалары сияқты шикізаттық емес секторлар экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналды, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы әрі қарай дәйекті әлеуметтік-экономикалық даму үшін сапалы заң шығару жұмысын жалғастыру қажет екенін айтты.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ зейнетақымен қамту жүйе­сіне тарту – маңызды мәселелердің бірі. Тиісті өзгеріс­терді осы жылдың соңына дейін қабылдау қажет. Бұл, әсіресе, міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу, медицина­лық көмектің кепілдік бе­рілген көлемінің жаңа мо­делін енгізу, қоғамдық ден­саулық сақтау мәселелерін және медициналық ме­кемелерде корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру жұмыстарына байланысты болғандықтан аса өзекті саналып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы құры­лыстың қарқынды дамуына байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы саласында тұрғындарды қанағаттандырмайтын түйткілді мәселелердің бар екенін атап өтіп, жалпы үй шаруашылығы басқармасының түсінікті әрі тиімді жүйесін құру керектігін, сонымен қатар, бұл жүйенің қызмет көрсетуші компаниялар мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығы қағидатына, сондай-ақ қаражат шығыны мен монополистердің жауапкершілігін бақылауға негізделуі тиіс екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев орта және шағын бизнесті дамыту барысындағы оң үрдістерге тоқталып, туризм саласының кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беруі қажет екендігін атап өтті.
– Үкіметке Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл құжат жыл соңына дейін қарастырылып, қаржылық тұрғыдан қажетті заңнамалық база арқылы бекітілуге тиіс. Сонымен қатар, Парламентте мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор үшін сатып алу мәселелеріне қатысты заң жобасы бар. Осы құжат аталған процесті жеңілдетуге, оның тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық қатерін төмендетуге, басым бағыттарды іске асыру үшін қаржы бөлуге және бизнес ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы, соның ішінде сақтандыру, аграрлық қолхаттарды енгізу, несиелік серіктестіктерді дамыту, сондай-ақ ветеринария саласында бақылау жүйесін оңтайландыру мәселелерін одан әрі жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
– Қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен танытуды қамтамасыз ету болып саналады. Тиісті заң жобасын қабылдау үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес тарихи әрі киелі нысандарды тиімді дамытуға, қорғауға септігін тигізеді, – деді  Нұрсұлтан Назарбаев.
Шымкентке республика­лық маңызы бар қала мәр­тебесі берілуіне және Түркістан облысының құ­рылуына байланысты Қазақстан Президенті Парламенттің қарауына қайта құ­рылған әкімшілік-аумақ­тық бірліктердің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізілетінін және олардың шұғыл қаралып, қабылдануы керектігін айтты.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button