Мәдениет

Күй атасына арналады

7 қыркүйек күні Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің ХХII маусымы күй атасы – Құрманғазы Сағыр­байұлының 195 жылдығына арналған «Серпер» атты күй кешімен ашылады. Концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Астана» концерт залында өтеді.

Кеш барысында Құрманғазының өмірінен сыр шертетін көріністер қойылып, күйшінің «Ақбай», «Кішкентай», «Саранжап», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Төремұрат», «Алатау», «Байжұма», «Көк ала ат», «Пәбескі», «Қайран шешем», «Серпер», «Назым», «Теріс­қақпай», «Ұзақ Ақжелең», «Адай», «Балқаймақ», «Ілме», «Сарыарқа» сияқты күйлерін оркестрдің бас дирижері-көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, өнер ұжымының дирижері, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов, домбырашылар Жексенбек Нұржауов, Сағадат Алтыбаев, Анар Мұздаха­нова, Роза Исаева орындайды.
Құрманғазының ғұмыр кешкен заманы, әсіресе оң-солын танып, өмірге белсене араласа бастаған уақыты мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргіз­ген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрман­ға­зыны да от-жалынымен шарпып бағады. Ол қатал тағдырдың кез келген тал­қысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отыр­ған. Кеш сол заман шындығын, күйшінің жан-дүниесін ашуға бағытталған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button