Басты ақпарат

Әлемнің жетекші алаңдарында ел мәдениеті кеңінен танылып жатыр

Қазақ жазушылары мен музыканттарын шетелде таныту, «Рухани жаңғырудың» жаңа кезеңдері, осы ауқымды мемлекеттік бағдарла­маны жүзеге асыру туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Президенті Әкім­шілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида БАЛАЕВА айтып берді.

– Аида Ғалымқызы, осыдан біраз бұрын сіз Франция, Ұлыбритания мен Испа­ния елдерінде болып, сол жақ­­тағы белді баспалардың бас­шыларымен кездесіп, отан­дық авторлардың кітабын шы­ғаруға келісіп келдіңіз. Қол жеткізілген келісім туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?
– «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тобының жұмыс нәтижесі жайлы қысқаша айта кетейін. Қазіргі таңда жүйелі түрде біздің әдебиеттің, музыка мен бейнелеу өнерінің, хореография, кино мен театрдың жетістіктерін шетелде насихаттау жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже бар. Тарқата айтқанда, «Әдебиет» бағыты бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен БҰҰ-ның алты тіліне аудару үшін отандық авторлардың туын­дыларының іріктеуін жүргіздік.
Жұмыстың әу басында авторлар мен туындылардың көп екенін ескере отырып, белгілі жазушылармен, сыншылар және әдебиетшілермен ақылдаса келе, біз «Қазіргі қазақстандық әде­биеттің антологиясы» түрінде проза мен поэзия жанры бойынша аударма жасауды жөн деп таптық. Жобаны тиімді әрі толығымен жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізіп, әлемдегі жетекші бас­палар және аударма үйлерімен ынтымақтастық туралы келісімге келдік.
Стратегиялық әріптесте­ріміздің ішінде – «Британ кеңесі» мен Кембридж университеті, Испания Мәдениет министрлігі мен «Сервантес институты», Франциядағы Мишель де Мол Ұлттық кітап және баспа орталығы бар.
Жуық арада Ресейдегі, Қытай мен Араб Әмірліктеріндегі әріп­тестерімізбен дәл осындай келісімдерге қол қойылады.
Жоба аясында аударылған кітаптарды аталмыш төрт елде ғана емес, аударма тілі қолданы­латын басқа жақтарда да тарату бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айта кету керек.
Мәселен, француз тіліндегі оқушы аудиторияның өзі әртүрлі есептерді алып қарағанда 220 миллион адамға дейін жетеді. Ал испан тілінде сөйлейтіндердің саны тіпті 600 миллионға дейін барады.
Аударылған кітаптардың таратылуы коммерциялық негізде де, ғылыми-зерттеу орталарында да жүзеге асырылады.
Сондықтан кең ауқымдағы оқушы аудиториясын тартуды көздеген жобаның келешегі зор.
– Қазақ тіліндегі әдеби кітап­­тардың әлемнің басқа тіл­де­ріне аудару жұмысы қалай жүр­гізіледі? Осынау маңызды жұ­мысты атқара алатындай білікті мамандар бар ма?
– Әдеби аударма – бұл күрделі шығармашылық процесс. Қажетті аудармашылық база бізде құры­лып та қойған.
Біздің халықаралық жобаның көзқарасы бойынша Ұлттық аударма бюросының міндеті – сапалы жолма-жол аударманы дайындау. Соның негізінде біздің әріптестер әдеби мәтіндерді әзірлейді. Бұл ретте біз туындыларды тек мемлекеттік тілден аударатынымызды айта кеткім келеді.
Шығармашылық ерекшелікті дәлме-дәл оқырманға жеткізе білу мақсатында біз авторларымыз бен шетелдік аудармашылардың, баспагерлердің кездесуін ұйым­дас­тырғалы отырмыз. Бұл өз кезегінде мәдени диалогты бір жолға қойып, шет мемлекеттермен мәдени байланысты нығайтуға жол ашады.
– Кітаптарды әлемдік тілдерге аударудан басқа «Қазіргі қазақ­стандық мәдениетті шетелде насихаттау» аясында тағы қандай жо­балар қолға алынғалы жатыр?
– Жүзеге асырылып жатқан бағыттардың әрбірі бойынша бізде нақты нәтиже бар.
Толығырақ айтар болсақ, көр­кем өнер саласында ҚР Мәде­ниет және спорт министрлігі желісі бойынша ҚР Ұлттық му­зейінің, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының шетелдік экспозициялық жобаларын жү­зеге асыру жұмысы жалғасын табатын болады. Жыл басынан бері «Алтын адамның әлем музейлеріне сапары», «Еуразия көшпенділері», «Азия мен Еуро­паның тоғысында» атты көшпелі көрмелер АҚШ, Британия, Қытай, Беларусь, Әзербайжан мен өзге де мемлекеттердің же­тек­ші алаң­дарында болып өтті.
Бұл ретте аймақтық музейлер жұмысының белсенділігін ерекше атап өту керек. Олар өздерінің ең үздік қорын ел іші мен шетелдердегі көрме үшін дайын­дап отырады.
Музей экспонаттарын цифр­ландыру жұмысы да жалғасуда. Ә.Қастеев атындағы өнер мұра­жайын­да 14 мың дана, ал 3D моделі бойынша 100 дана мүсін цифрландырылды. ҚР Орталық мемлекеттік музей қорында сақтауда тұрғандардың саны 40 мыңға тарта данаға жетеді.
Цифрландыру тұрғысынан аймақтарда да жұмыс жүргізіліп жатыр. Тарқата айтқанда, Қоста­най, Ақтөбе, Атырау және өзге де облыстарда музей қорларының 20 пайызы цифрландырылып қойған.
Дәстүрлі және классикалық музыка бағыты бойынша шығар­машылық ұжымдардың гастроль­дік жұмысы да жалға­сын табуда. Италия, Ресей, Ұлыбри­тания елдерінде аймақтық теа­трлар өнерін паш етті. «I am a singer Қазақстан» халықаралық тележобасының екінші маусымы басталып кетті.
Астана мен Алматы қалала­рында дәстүрлі түрде әлемнің 15 елінің қатысуымен «Астана дауысы», «Star of Asia» атты музыкалық фестивальдері ұйымдастырылды.
Театр өнерінің жетістіктерін ары қарай жалғастыру үшін «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» ұлттық операларын Ресей, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Грузия мен өзге де мемлекеттерде қою жоспарланған.
Кино өнері саласындағы айтулы оқиға ретінде 71-ші Канн фестивалінде қазақстандық па­вильонның ашылуын айта кетуге болады. 2018 жылдың басынан бері қазақстандық 18 фильм 14 халықаралық кинофестивальге қатысты. 11 жүлдеге қол жеткізілді.
Осы жылдың маусым айында Италияда және Эстонияда Қазақстан кинолары күні болып өтті. Жылдың соңына дейін дәл осындай айтулы шараларды Таи­ланд Корольдігінде, Чехияда, Словакияда, Румыния мен өзге де мемлекеттерде өткізу көзделген.
Жалпы мәдениет пен өнердің барлық бағыты бойынша біздің мемлекет өзін әлемнің жетекші алаңдарында паш етті. Біздің стра­тегиялық мақсат – жаһандық мә­дени кеңістікке интеграциялану.
– Сіз «Жаһандық әлемге қазіргі қазақстандық мәдениетті насихаттау» бағытының кураторысыз. Шығармашылық адамға, жазушы немесе музыкантқа, суретшіге аталмыш бағытта еңбегін паш ету үшін не істеуі керек? Өнер адамдары өздерін қалай көрсете алады?
– Қазіргі қазақстандық мәде­ниет туралы айтып отыр­ған­дық­тан, біздің басты міндетт­ер­дің бірі – Тәуелсіздік жетістігін таныта отырып, біздің ел ішін­дегі таланттарды қолдау. Шы­ғар­машылық бірлестіктер жүр­гізеті­н барлық жұмыс өнер өкілдері өздері қойған нақты талаптардың негізінде әзірленеді. Міне, сондықтан жобаға кез келген шығармашылық адамының қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл тек бір сәттік емес, ұзақ мерзімді процесс екенін айта кетсем деймін. Мемлекет басшысы қамқорлығы нәтижесінде мәдениет пен өнер өкілдері өз өнерлерін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік алып отыр.
– Осы жылдың ақпан айын­да Сіз өңірлердегі жас жазу­шыларды жігерлендіруді мақ­сат тұтқан «Әдеби белдеу» жо­ба­сының басталғанын жария еттіңіз. Қазіргі уақытта ол жоба қалай жүзеге асырылып жатыр?
– «Әдеби белдеу» ел өңірлері туралы түрлі мәліметтерді жүйе­лендіріп, аймақтың ерекшелігін паш етіп жүрген, тарихи өзге­шелігін жыр еткен дарынды әрі талапты жазушыларды біріктіруді мақсат тұтады.
Бүгінгі таңда елуге тарта замандас жазушылардан құрылған көшпелі топ жасақталды. Олар еліміздің әртүрлі аймақтарына бағыт алатын болады.
Жергілікті әдеби бірлестік­термен бірлесе отырып, жазу­шылар аймақтардағы тарихи деректерді, киелі орындарды және өңірдің өзге де бірегей ерек­шеліктерін зерттейтін болады.
«Әдеби белдеу» еліміздің мә­дени астанасы – Алматыдан бастау алып, жыл соңына дейін еліміздің барлық облысын қамтиды. Авторлардың ең­бектері «Туған жер» энциклопедиясында жинақталады. Бұл өз кезегінде атқарылған жұмысты жүйелендіруге мүмкіндік береді.
– Сіз сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалық кеңсесіне жетекшілік етесіз. Қазіргі таңда аталмыш құрылым қандай жұмыстар атқарып жатыр? Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүргізу бағытында қандай да бір жетістіктер туралы не айтар едіңіз?
– Жобалық кеңсе – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі үйлестірушісі. Жобалық әдіс барлық аймақтар мен мүд­делі мемлекеттік органдардың жұмысына нақты алгоритм беруге жол ашты.
Бүгінгі таңда Қоғамдық даму министрлігі қызметінің ауқымы кеңейіп келе жатқанына байланысты Кеңсе белсенді трансформация­дан өтіп жатыр. Біздің жұмыстың басты нәтижесі – нақ­ты жобалар мен БАҚ-тың барлық түрі бойынша өте ауқымды ақпараттық қолдау.

Мемлекет басшысының бас­тамасымен қолға алынған бағ­дар­ламаның барлық бағыты халық­тың зор қолдауына ие болды. Міне, қазіргі таңда біз ортақ жұмысымыздың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Бұл бағытта паш етерлік жобалардың бірі – «Туған жер».
Жоба жүзеге аса бастағалы бері демеушілер мен меценаттардың көмегі арқылы 17 мектеп, 62 балабақша, 36 мәдениет, 23 денсаулық сақтау, 169 спорт нысаны, 32 балалар алаңы салынды.

Бұл жетістік, жеке бастамаларды айтпағанда, іске асырылған шаруа. Одан бөлек, демеушілердің арқасында сыныптарды компьютермен қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру секілді қаншама жұмыс атқарылды. Мұндай игі жетістіктер әлбетте келешектегі жаңа жобалар бойынша көңілге қуаныш пен жігер ұялатады.
– Ал Сіз жеке өзіңіз «Туған жер» бағдарламасына қатысты­ңыз ба? Туған жеріңізді қол­дау бағытында қолға алған шаруаларыңыз бар болар?
– Қоғамдық маңызы бар жоба­лардың бәрінде жеке қатысудың маңызы өте ерекше. Қоғамдық са­наны жаңғырту бағдарламасы бұл ретте жеке бастамаларға ерекше алаң ашып береді. Өзіміз көріп отыр­­ғандай, жоғарыда аталған жо­­балардың қай-қайсысы да бү­кіл­халықтық қолдауға ие болып отыр.
Жеке өзімнің үлесім ретінде балаларға арналған «Қызыр қон­ған құт мекен» атты ғылыми-та­нымдық кітаптың жарық көруін атап өтуіме болады. Бұл кітап менің туған жерімнің тарихы туралы жазылған. Ол арқылы балалар Алматы облысы Жамбыл ауданының барлық елді мекенінің тарихын біле алады.
Ең бірінші кезекте бұл кітап өсіп келе жатқан жас буынға арналған. Балалар өз туған жерінің тарихы, оның киелі орындары мен ұлы адамдары туралы білуі керек. Кітапта өзендер мен таулардың, елді мекендерінің атаулары қай­дан шыққаны туралы айтылады. Кітапта жинал­ған материалдар жас өлке­тану­шылардың зерттеу жұмыс­та­рына жақсы серпін берер деген сенімдемін.
Мемлекет басшысы атап өт­кен­­дей, өз туған жеріңнің тарихы арқылы менің жерлестерім жалпыреспубликалық деңгейдегі оқиғаларды терең зерделей алады.
Осыған орай қоғамдық сана жаң­ғыруының табысы әрбір қазақ­стандыққа байланысты екенін түйсіне білуіміз керек. Сон­дықтан «Рухани Жаңғыру» – бұл жеке жоба емес, жыл сайын жаңа идеялармен және жобалармен толыға түсетін ұзақ мерзімді бағдарлама.
– Әңгімеңізге рақмет!

inform.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button