Саясат

Көшпенділер ойындары көш түзеуде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Шолпан-Ата қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл ойындар ашылу рәсімі Шолпан-Ата қаласының ипподромында өткенімен, жарыстардың көпшілігі Қыршың шатқалында да ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Президентімен қоса Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов және Венгрияның Премьер-минис­трі Виктор Орбан қатысты. 3D-графикасын қолдана отырып ұсынылған театрландырылған қойылымға 1 мыңнан астам актер, музыкант, әнші, шабандоз және спортшылар қатысты. Олар цирк өнерін, шабандоздық тәсілдерін, отты шоу көрсетіп, акробаттық жаттығулар орындады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әуелде Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары тек Қырғызстанда ғана өткізіледі деп ұйғарылған. Алайда бұл шешім өзгеріп, келесі ойындарды Түркия­да өткізу мәселесі қарас­тырылуда. Бұл ойындар спорттың 37 түрін, соның ішінде қырғыздың 16 ұлттық және басқа да көшпенді халықтар спортының 21 түрін қамтиды.
Биыл үшінші рет өткізілген көшпенділер ойындарында 594 медаль сарапқа салынды. Соның ішінде, 174-і – алтын, 173-і – күміс, 247-сі – қола медаль. Айта кетерлігі, ойындардың сыйлық қоры 26 миллион сомды құраған. Бұл ақшаны қазіргі бағаммен есептесек, 136,5 млн теңге немесе 381,2 мың АҚШ долларын құрайды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button