Басты ақпаратБілім

Алты жасар бала мектепке барады

Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа баратын оқушылар 6 жастан бастап қабылданады. Яғни, 1 қыркүйекте баланың жасы алтыда болуы керек. Сондай-ақ әр ата-ана өз қалауымен жыл соңына дейін 6 жасқа толатын баласын бере алады. Сонымен бірге 1-сыныпқа 7 жасқа толған жеткіншектер де қабылданады. Бұл жаңалық біраз ата-ананы әрі-сәрі ойға қалдырып отыр. Кейбір адамдар мұны қолдаса, екіншілері «Баламыз мектепке баруға дайын емес. Оқу бағдарламасын алып кете ала ма?» деген қорқынышын айтады. Осы мәселеге және ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин түсініктеме берді.

Біріншіден, баланы мектепке қабылдауға құжаттарды тек баланың ата-анасы немесе заңды тұлғалары тапсырады. Сондықтан мектептер өтінішті басқа өкілдерден (ата-әжесі, апасы, ағасы және т.б.) қабылдаудан бас тартуға құқысы бар.
Екіншіден, қазіргі таңда 1-сыныпқа құжат қабылдау стандартқа сәйкес барлық жалпы білім беретін мектептерде жүзеге асуда. Қабылдау комиссиясы жұмыс күндері таңғы сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді. 10 маусымнан бастап құжаттарды электронды жүйе арқылы тапсыру мүмкіндігі бар.
Үшіншіден, шағын аудандар бойынша тіркеу жасалынбайды. Құжат тапсыру үшін мекенжай анықтамасы қажет емес. Сонымен бірге электронды жүйе сіздің мекенжайыңызға ең жақын мектепті автоматты түрде анықтайтынын xабарлайды. Ата-ананың қалауынша құжатты сол мектепке немесе басқа білім ордасына тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес, ең бірінші кезекте білім беру ұйымдарына қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балалардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі, содан ке­йін, бос орын болған жағдайда, ата-аналардың қалауы бойынша өтініштер қабылданады. Бұл шара кейбір астаналық мектептердің тығыздылық жағдайын қадағалау мақсатында жасалды.
Төртіншіден, мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі қажет. Олар:
1) ата-ананың немесе заңды өкілдерінің тарапынан жазылған өтініш;
2) баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
3) денсаулық жағдайы туралы анықтама (№063/у нысан);
4) денсаулық жағдайы туралы анықтама (026/у-3 нысан);
5) баланың 2 данада 3х4 сантиметр өлшеміндегі фотосурет;
Сондай-ақ ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау үшін заңды өкілдерінің келісімі болған жағдайда педагогикалық-медициналық-психологиялық комиссияның қорытындысы қосымша беріледі.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button