Басты ақпарат

Рәмізіңмен рухтан!

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Егемен ел екенімізді білдіретін бірден-бір нышандар – Мемлекеттік туымыз, елтаңбамыз бен әнұранымызбен тәуелсіздігіміздің тұғыры нық. Азаттығымызды алғанша қызыл туға телміріп, орақ пен балғаны құдірет санап, он бес одақтас республиканы әнге қосып келген біз осыдан жиырма жеті жыл бұрын өз рәміздерімізге ие болдық. Қазір көк туымыз биікте желбіреп, елтаңбамыз елімізді еңселендіріп, әнұранымыз асқақтап тұр.


Рәміздеріміздің бәрі де ұлттық таныммен, салт-дәстүрлерімізбен қабысады. Аспан түстес Мемлекеттік туымызда қыран бейнесі, жиегінде ұлттық өрнек, ортасында алтын күн мен оның шұғыласы бейнеленген. Тудың түсінің өзі түбіміз түркі екенін білдіреді. Көк түс түркі мәдениетіндегі терең символдық мәнге ие. Ал қыран ежелден ит жүгіртіп, құс салған саятшылық кәсібімізден хабар береді.
Елтаңбамызда ұлтымызға тән белгілер, тіпті, көп. Мұндағы шаңырақ, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап шаншылған уықтар, қанатты пырақтар бәрі де жарасым тапқан. Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтің бірде «Жеті сақина – жеті атаны, тектілікті білдіретін ұғым. Мен өзім Елтаңбадағы бейнелерге қырыққа жуық атау бердім. Сол атаулар азаматтардың елге, атамекенге, халыққа деген құрметін арттырады» дегенін естіген едік. Демек, елтаңба жобасы таза ұлттық ұғымға сүйеніп жасалды.


Елордадағы Ұлттық музейдегі әр аптаның алғашқы жұмыс күні әнұранымызбен басталатын болды. Музей қызметкерлері кеше тұңғыш рет жұмыстарын әнұранды шырқаумен бастады. Мұның мақсаты – мекемеде ұлттық рух, патриоттық, отаншылдықты насихаттау. Өте дұрыс, 1986 жылдың желтоқсан айында жастардың рухын оятқан, 2006 жылы әнұранға айналған «Менің Қазақстаным» әні әлі талай ұрпақты тәрбиелейді.
Бүгін елімізде Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтіледі. Елордада да 40-тан астам әртүрлі шара рәміздерімізді ұлықтауға арналады. Рәміздерімізбен рухтанайық! Көк туымыз, елтаңбамыз бен әнұранымыз әрқашанда биікте болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button