Sport

Алтын жетеуге жетті

Азия ойындарында 43 жүлдені еншілеген Қазақстан құрамасының қоржыны ауырлай түсті: 7 алтын, 8 күміс, 28 қола. Жетінші алтын командалық есептегі орнымызды ондыққа шығарды. Енді чемпиондарымыздың қатары тағы көбейіп, ұпайымыз еселене түседі деп үміттенеміз.

25 тамыз, жетінші күн

Дархан Нортаев – алтын жүлдегер. Джиу-джитсудан 60 кг салмақта сынға түскен Дархан финалда Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілінен басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Сөйтіп жалпы алтын санын төртке көбейтті.

Ризат Мақашев – қола жүлдегер. Джиу-джитсудан 90 кг салмақта жүлде салған Ризат өзбек Ильхом Джураевпен қолаға таласып, басым түсті.
Данияр Юлдашев – қола жүлдегер. Каратэдан 84 кг салмақта бақ сынаған Данияр қола үшін шайқаста Иордания спортшысын 7:2 есебімен жеңді.
Иван Иванов – қола жүлдегер. Қазақстандық атлеттер арасынан бірінші болып Иван жүлдегер атанды. Ол ядро лақтырудан 19 метр 40 сантиметр көрсеткішімен үздік үштікке енді.

 

26 тамыз, сегізінші күн

Руслан Исраилов – алтын жүлдегер. Ол джиу-джитсудан 77 кг салмақта Азия ойындарының чемпионы атанды. Руслан финалда қырғыз Нұрсұлтан Әлімқұловтан мықты екенін дәлелдеді. Бұл – осы спорт түрінен түскен екінші алтын.


Дидар Әмірәлі – күміс жүлдегер. Каратэші Дидар финалда кувейттік қарсыласы Әли Абдуазизден 4:0 есебімен жеңілді. Сөйтіп соңына дейін жетіп, Азия ойындарының күмісін иеленді.
Элина Михина – қола жүлдегер. Жеңіл атлет Элина 400 метрге жүгіріп, мәре сызығын үшінші болып кесті. Оның уақыт көрсеткіші – 52:63. Ал осы сында чемпион атанған Бахрейін өкілі Сальва Насер 50:09 көрсеткішімен Азиа­даның рекордын жаңартты.

 

27 тамыз, тоғызыншы күн

Гузалия Ғафурова – алтын жүлдегер. Каратэші қызымыз финалда Қытай спортшысын 2:0 есебімен жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Ел қоржынына алтыншы алтынды салған Гузалияның бұл – Азиададағы екінші жеңісі. Төрт жыл бұрын финалда дәл осы қытайлық қарсыласын жеңіп, алтыннан алқа таққан еді.


Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы – алтын жүлдегер. Командалық сайыста Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова топ жарды. Олар жалпы есебі 159.850 ұпай жинады.

Дереккөзі – olimpic.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button