Саясат

Елді елең еткізген

КАРИМОВТЫҢ АТЫН АТАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ МА?

 Өзбекстан Республикасының ұлттық телерадио­компания құрамындағы телеарналарда елдің бұрынғы президенті Ислам Каримовтің есімін атауға тыйым салынды.

Өзбекстанның тұң­ғыш басшысының фотосын қолданбау, есімін атамау туралы бұйрық ресми тұлғалар тарапынан берілген деген дерек бар.
– Осы жылдың басын­да эфирде Ислам Каримов есімін аз қолдану айтылса, енді тіптен тыйым салынды. Соңғы айда редакторларымыз Ислам Каримов атына өте сақ болып жүр. Шыны керек, бұрынғы президенттің атын атау экстремистік топтың басшысы Тахир Юлдашевтың атын атаудан да қауіптірек, – деп хабарлады «Радио Озодлик».
Ал Ресейдің lenta.ru ақпарат порталының хабарлауынша, 20 тамыз күні Самар­қанд пен Қашқадарья облыс­тарында рейд жүріп, марқұм президенттің бейнесі бар кәдесыйлардың сатылуына тыйым салынды. Ал аталмыш заттарды сатқан саудагерлерге айыппұл салынып, тәркіленді.

ГЕНОЦИД БОЛДЫ МА?

Біріккен Ұлттар Ұйымы Мьянманың Ракхайн штатындағы рохинджалықтарға жасалған зорлық әрекеттерді тергеп шығып, ел әскерін және қолбасшысы Мин Аунг Хлайнды жазаға тартпақ.

Тергеу құжаттары 18 қыркүйек күні Женевада өтетін адам құқықтары жөніндегі БҰҰ-ның кезекті отырысында ресми түрде таныстырылады. Айта кетер бір жайт, тергеушілер Мьянма жеріне кіргізілмегендіктен, құжат, негізінен, зардап шеккендерден алынған интервью, спутник арқылы түсірілген суреттер мен видео­лар арқылы әзірленді. Жұмыс барысында сарапшылар Бангладеш, Индонезия, Малайзия, Таиланд және Ұлыбритания елдерін аралап шыққан.
Бұл міндетті орындаушылар Мьянма әс­керінің геноцид жасағанына толықтай көз жеткізіп отыр. Женевада өтетін отырыста лауазымды қызметте отыр­ғандардың рохинджалықтарға қарсы бұйрық бергені нақты құжаттармен дәлелденбек.

ЖҮРГІЗУШІСІ ЖОҚ ТАКСИ

Токиода Hinomaru Kotsu компаниясы ZMP фирмасымен бірге жүргізушісі жоқ такси көліктері арқылы жолаушылар тасымалдауға кірісіп кетті.

Сынақ режимінде жү­­зеге асып жатқан бастама 8 қыркүйекке дейін жалғаспақ. Toyota минивэніндегі такси күніне төрт рейс жасайды. Автомобильдің қозғалысы, бұрылысы автоматты түрде жүзеге асады. Дей тұрғанмен ұйымдастырушылар сақтық ретінде жүргізу­шінің бірге отыруын жөн көріпті. Ал жолақы 14 доллар сомасын құ­райды.
Компания басшыларының айтуынша, бұл такси жүргізушілерінің жетіспеушілігіне қатыс­ты мәселені шешпек. Тестік режимдегі бас­тама сәтті жүзеге асса, 2020 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарында қолданысқа енгізілмек.
Айта кетейік, былтыр Жапония билігі жүргі­зушісіз жүретін әрі экологиялық таза авто­мобиль өндірісіне 25 млрд доллар көлемінде қаржы бөлген. Егер бәрі жоспарлы түрде жүзеге асса, 2030 жылға қарай әрбір бес көліктің біреуі жүргізушісіз басқарылмақ.

Аян ӘБУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button