Руханият

Ана тілім – байлығым

Ең құдіретті де қастерлі – өзімнің ана тілім. Ана тілі арқылы алғашқы әліппені таныдым. Өз тарихымды танып білдім. Туған тілінің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы. Себебі біздің болмысымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, мәдениетіміз осы тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты, білімді, іскер, қабілетті, ұлтжанды етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің рөлі өте жоғары. Сондықтан оны әрқайсымыз білуге міндеттіміз.

Тіл – ата-бабамыздан қалған аманаты. Аталар мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру – мына баршамыздың парызымыз. «Өнер алды – қызыл тіл». Елінің болашағын ойлаған, оған құрметпен қараған әрбір азамат ана тілін сақтап қалуы үшін қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Асыл қазынамызға айналған қазақ тілінің құндылығының арта беруіне әрдайым өз үлесімді қосуымыз аса маңызды. Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр қазақтың жүрегінде Әнұранымыз айтылды. Қазақстан Рес­публикасының тіл туралы Заңы қабылданды.

Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген болатын. Сондықтан тілімізді ұмытпай, әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстау керекпіз деп ойлаймын. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы, әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қорғап, орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы керек.

Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу әр қазақ баласының бірден-бір міндеті болып табылады. Біз, болашақ жастар, тіліміздің абыройын асқақтатамыз, биікке көтереміз деп нық сеніммен айтқым келеді.

Ана тілім – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтау­ға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілді араластырып сөйлейтіндер де бар. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөз ойыма еріксіз оралады. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді.

Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Ақын ­М.Мақатаев «Отан» атты өлеңінде:

«Мен оның түнін

сүйем, күнін сүйем

Ағынды өзен, асқар

 тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті

тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем» деп Отанды сүюдің, ана тілін сүюдің құдіретті биік сезім екендігін білдірген. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылап, осыған өзіміз атсалысуымыз қажет.

Гүлжазира ҚАЙЫРБЕКОВА,

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының бас

маманы-сот отырысының хатшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button