Мәдениет

Ақиық ақынды еске алды

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әдеби-сазды кеш өткізуді дәстүрге айналдырды. Әр жыл сайын 9 ақпан күні өнер ошағының концерт залында қазақ поэзиясының «Хантәңірі» атанған ақынның өлмес өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер әуелейді. Биыл да өнер ордасы «Есіңе мені алғайсың» кешін ұсынды.

Мұзбалақ ақынның жау­һар жырлары талай композитордың әндеріне азық болды. Ақындардың ішінде ең көп ән Мұқағалидың өлеңдеріне жазылды десек, сірә, қателесе қоймаспыз. Соның ішінде Нұрғиса Тілендиев пен Тұрсынғазы Рахимовтың есімдерін ерек атап өтуге болады. Мұқағалиды ән әлеміне тартқан да Нұрғиса еді. Екеуі 35 күн бірге жүріп, 31 ән жазғаны жайында дерек кездеседі. Ал Тұрсынғазының «Сәби болғым келеді», «Нені аңсаймын?», «Аягөз ару», «Қазағым-ай» әндерін білмейтін қазақ кемде-кем.

Жалпы ақиық ақынның өлеңдерін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сүйіп оқиды. Мәселен, композитор Мұратхан Егінбаев мектеп жасында Мұқағалидың жырларына құмар болды. Соның әсерімен 8-сыныпта оқып жүргенінде «Құмған алған» әнін шығарды. Ал осы кешке атау берген «Есіңе мені алғайсың» өлеңі ақын, композитор Елена Әбдіхалықоваға 20 жасында әдемі ән тудырды. Дәл осы өлеңге Нұрғиса Тілендиев те ән жазды. Бірақ ел арасына Еленаның әні кең таралып кетті. Сонымен қатар Төлеген Мұхамеджанов, Тұрсынжан Шапай, Гүлнар Дәукенова, Болат Есмұханов, Кентау Назарбек, басқа да танымал композиторлардың Мұқағалидың өлеңдеріне жазылған әндері ел аузында жүр. Ақиық ақынның жырларына талай ән әлі де жазылып жатыр. Осы кеште де халыққа таныс әндер мен әлі көпшілікке жете қоймаған туындылар әуеледі, жырлары оқылды.

Астаналық филармония­ның «Эстрадалық вокал» бөлімі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахым) ұйымдастырған осы кешке Светлана ­Айтбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Ұлықпан және Фарида Жолдасовтар, Зарина Омарова сынды танымал әншілермен қатар, халықаралық және рес­публикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары Алтыншаш Мұқатаева, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Мұратбек Хайролда, Айдын Жұмабай, Қымбат Жамбылбек, ­Парасат Отан, филармонияның «Қорқыт» этно-фольклорлық ан­самблі, «Шалқыма» халық би ан­самблі, камералық хор және «Айналайын» балалар хоры қатысып, өнер көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button