Руханият

АҚШ асқан Дайананың кинодағы қадамы

Бүгінгі кейіпкеріміз – Қазақ ұлттық өнер университетін авторлық телевизия режиссурасы мамандығы бойынша бітіріп, кино әлемінің жүрегі – Голливудқа оқуға аттанған қазақ қызы Дайана Ибраева. Ол бізге жас мамандарға қаншалықты қолдау көрсетілетіні жайлы, арнайы білім алудың маңыз­дылығытуралы айтып, көптеген кино­ларымыз­ға арқау болған той тақырыбынан неге алшақтауымыз керектігін баяндап берді.

Лос Анджелестегі қазақ кино апталығында режиссер, продюсер, актер Джон Малковичпен бірге

Дайана елорда төріндегі Қазақ ұлттық өнер университетінде Гүлбану Үкетайқызының шеберлік сыныбында тәлім алды. Оқу оқи отырып, деректі фильм­дер, әлеуметтік роликтер мен бағдарламаларды түсірді. Жұмыстары қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің төңірегінде еді. Оқу барысында екі деректі фильм түсіріп, Ресей, Болгария, Чехия кино фес­тивальдерінде марапатқа ие болды. 2017 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Лос-Анджелес­тегі New York Film Academy-ға кинорежиссер мамандығына түсті. Алғашқыда режиссер-документалист болуды мақсат тұтқан түлек көркем кинематографияға қызыға бастайды. Бұл туралы Дайананың өзі:
– Гүлбану Үкетайқызы отбасылық жағдайымен шетелге қоныс аударды. Оның орнын Әнуар Райбаев басты. Осылайша бес қыздан құралған шағын топқа көркем киноның өкілі жетекшілік ете бастады. Оның айтқан ақыл-кеңестері, «көр» деп ұсынған фильмдеріне қызықтым. Шынайы кейіпкерлерді сөйлете отырып, кино түсіру – бір басқа, ал режиссер ретінде өз әлеміңді жасап шығару – мүлдем басқа. Деректі фильмде ке­йіпкердің эмоциясын көрсету үшін оның жанын тебірентетін сұрақтар қоюың қажет. Ал көркем фильм­де ойдан құ­рас­тырылған оқиға желісі арқылы айтарыңды жеткізе аласың. Осындай толғаныстардан кейін өз күшімді Голливудте байқап көруге тырыстым, – дейді.
Америкалық білім беру жүйе­сінің біз біле бермейтін тұстары көп болып шықты. Мұнда студент үз­діксіз кино түсіріп, машықтанады.
– Таңғы сағат 9-дан кешкі 7-ге дейін сабақ оқимыз. Лекциялардан кейін қалып, көрген фильмдерді талқылаймыз. Әр демалыс күндері түсірілім алаңында жүреміз. Ұстаздарымыз «оқығанды көңілге тоқы, тәжірибеде қолдан» дейді. Ал егер бір пәнді тапсыра алмай, емтиханнан сүрінсең, 1000 доллар төлейсің. Оны қайта тапсырып қана қоймай, өткен курсты қайталап оқуға міндеттісің, – дейді Дайана оқу бағдарламасын баяндай отырып.

Жас маманның пікірінше, екі мектепті салыстырмас бұрын Қазақ ұлттық өнер университетінде режиссураның жаңадан қаланып жатқанын ескеру қажет. Университет шетелдегі академияларға барып, олардың білім беру тәсілдерін меңгеріп жатыр. Ұстаздарымыз студенттер үшін барын салып, қашанда жақсы білім беруге ұмтылады.
– Алайда АҚШ-қа келіп, америкалық оқу жүйесі дегеніміз қалыптасқан жүйе екендігіне көзім жетті. Профессорлар сабаққа дайындықпен келеді. Бүгін өтетін сабақтың транскриптін шығарып, студенттерге таратып береді. Керек болса тақтада презентация жасап, кинодағы құбылыстарды әр минутын тоқтатып түсіндіреді. Кейде қиын терминдерді ұғынудың ең оңай тәсілі – осы. Бізде баланың талабына қарайды, өнерге бе­йімділігін тексереді. Ал Нью-Йорк академиясы кез келген адамды қабылдап, оған үйретуден жалықпайды. Себебі қалыптасқан америкалық оқу жүйесі жақсы нәтижеге жетелейтініне кәміл сенеді, – деп түсіндірді Дайана.
Шетел кинофестивалінде біздің режиссерлер әлеуметтің әлеуетін көрсететін картиналарды жарыққа шығарғанда қазақ киносының жұлдызы жарқырайды деп сенемін. Айталық, қазақ той жасауға әуес болса, ондағы жанымызға бататын әлеуметтік мәселелерді алға тартуға болады. Картиналарда алып қашу, әйел адамның құқығы тапталғаны, тойды кредитке жасап, артынша ажырасып жатқан жас отбасылардың тағдыры талқыланса, біздің кино жеңіске жетеді деген пікірде.
Кино әлеміне енді қадам бас­қан маманның өзі қандай туын­дылар­ды көретінін сұрадық:
– Мен қазақ киносын сүйіп көремін. Жылт еткен жаңа фильм­ді қалт жібермей көруге тырысамын. Шетелде жү­ріп, туған же­ріңді аңсайсың. Қазақ киносының негізін қалау­шы­лардың бірі Шәкен Айманов пен Мәжит Бегалиннің туындылары тәнті етеді. 1964 жылы жарыққа шыққан Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» фильмі, Шәкен Аймановтың «Алдар көсесі» – менің сүйікті фильмдерім. Ал Серік Апрымов, Рашид Нұғмановтардың жұмысын көріп, әрдайым бірнәрсені көңілге тоқимын. Ақан Сатаевтың талмай еңбек етіп жатқаны – бізге үлгі.
Дипломдық жұмысын Америкада түсіріп жүрген Дайана елімізде кино түсіру өте оңай деген қорытындыға келіпті: – Бізде АҚШ-тағы сияқты заң аясында қатаң шектеу қойылмайды. Голливуд – темірдей тәртіптің мекені, түгел сағаттың жүрегіндей жұмыс істейтін механизмге ба­ғынады. Дегенмен саған жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шығуға барлық жағдай жасалған.
Дайана режиссер ретінде тү­сірілім алаңына әртістерден бастап, қоюшы-суретші, дыбыс қоюшы, бет әрлеуші, оператор сынды мамандардың бәрін жинады. Бір қызығы, аты аталған мамандардың кем дегенде 2-3 ассистенті болуы шарт. Олардың барлығына міндетті түрде гонорар төлеп, уақытылы тамақтандырып тұрады. Айта кету керек, Нью-Йорк кино академия­сында өз қаражатымен оқуға түскендер де, «Болашақ» стипендиаты атанған қандастарымыз да бар. Қыз-жігіттер әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп, түсіретін фильм­деріне қолғабыс көрсетуге тырысады.


Айт­пақшы, фильм Fame (ағылш. «атаққұмарлық») деп аталады. Жас режиссердің мақсаты – әлеу­меттік желіде белең алып бара жатқан даңғазалық, атаққұмарлықтың да шегі барын көрсету. Дайана қаңтардан бастап тамызға дейін дайындық жұмыс­тарымен жүрді. Продюсермен бірге түсірілім алаңын таңдау үшін бірнеше ай кетті. Ал фильмді 2 күн бойы 12 сағаттан түсірді. Барлығына шамамен 12 мың доллар шамасында қаржысы кетті. «Фильм түсіру нәзік жандылардың қолынан келе ме?» деп сұ­рағанымызда: «Бұл – маған ең жиі қойылатын сұрақ! Бізде әйел адамның қолынан келе ме, келмей ме деп күмәнданатындар бар. Ал Америкада, тіпті түсірілім алаңында ер адам мен әйел адамның саны пара-пар болуы тиіс. Жұмыс­тың қиындығына қарамастан, барлығы тең дәрежеде жұмыс істеуі қажет. Мәселен, ауыр-­ауыр аппаратуралар, камералар, штативті көтеруге тура келген кездер болды. Режиссер болу үшін мінезді болуың шарт, себебі барлық жұмыс тікелей режиссерге байланысты. Дегенмен қызға тән нәзіктікті жо­ғалтып алмауға тырысамын» деп аяқтады сөзін.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button