Sport

Алтын саны артпай жатыр

Индонезияның Жакарта және Палембанг қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында ел қоржынына түскен жүлделер саны 16-ға жетті. Азиадада Қазақстан командасының еншісінде – әзірге 1 алтын, 5 күміс және 12 қола медаль.

 

21 тамыз, үшінші күн

Кирилл Казанцев – қола жүлдегер. Отандасымыз ел тарихында алғаш рет маунтинбайктен жүлде салды. Ол бірінші айналымда бәрінен бұрын келіп, мәреге жақында­ғанда Қытай спортшыларын алға оздырып алды.
Руслан Жапаров – қола жүлдегер. 80 кг салмақта ел намысын қорғаған таэквондошы жартылай финалда Иран спортшысына есе жіберіп алды. Сөйтіп Азиаданың қола жүлдесіне қол жеткізді.
Жансель Дениз – күміс жүлдегер. Таэквондошы қыз алтынға таласқан сайыста кореялық спортшыға басымдық беріп қойды.
Су добынан Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер. Қыздар командасы 5 кездесудің төртеуінде жеңіске жетті. Бұл сында алтын Қытайдың қанжығасында кетті.
Эльмира Сыздықова – қола жүлдегер. Әйелдер күресінен 76 кг салмақта белдескен Эльмира қола жүлде үшін күресте Оң­түстік Корея өкілін 5:2 есебімен жеңді.
Мейрамбек Айнағұлов – қола жүлдегер. Грек-рим күресінен 60 кг салмақта Мейрамбек Солтүстік Корея спортшысын 13:5 есебімен жеңіп, үшінші орынды иеленді.
Алмат Кебіспаев – кү­міс жүлдегер. Грек-рим күресінен 67 кг салмақта белдескен Алмас финалда Оңтүстік Кореяның өкілі Рю Зан Судан жеңілді.

22 тамыз, төртінші күн

Семсерлесуден Қазақ­стан әйелдер командасы – қола жүлдегер. Семсер­лесудің сабля түрінен Тамара Почекутова, Әйгерім Сарыбай, Айбике Хабибуллина және Татьяна Приходько жартылай финалдан Қытай құрамасынан жеңілді. Спорттың бұл түрінде жартылай финалдан жеңіліс тапқандарға бірден қола бұйырады.
Александр Куликов – қола жүлдегер. Ескек есуден қазақстандық спорт­шы «слалом» бағдарламасы бойынша үшінші орыннан көрінді. Оның алдын жапон және қытай спортшылары орап кетті.
Семсерлесуден Қазақ­стан ерлер командасы – қола жүлдегер. Осы спорттың шпага түрінен біздің жігіттер жартылай финалда Жапонияға жол беріп, үздік үштікке енді. Бұған дейін семсерлесуден екі жүлде түскен еді.
Нұрлан Мырзабаев – қола жүлдегер. Қазақс­тандық таэквондошы 80 кг салмақта сынға түсіп, жартылай финалға дейін жетті. Соңғы сайысында кореялық спортшыдан бір ұпай айырмашылығымен жеңілді.
Дмитрий Баландин – қола жүлдегер. Рио Олимпиадасының чемпионы 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Жапония және Қытай спортшыларынан қалып қойды.

Дайындаған
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Дереккөзі – olimpic.kz

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button