Қала тіршілігі

Қамқоршыға қашан айналады?

Жаздың аяқталып, күз мезгілінің басталуына санаулы күндер ғана қалды. Тиісінше Астанада тұрғындардың қысқа дайындығы да бас­талып кетті. Елордада қыс мезгілінің алты айға созылатыны белгілі. Міне, осы уақыт аралығында қала тұрғындарының жайлы аулада, жылы үйде тұруын қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) қызметкерлерінің мойнында екені анық.

Кооператив міндеті қандай?

Әңгіменің негізгі бөлігіне өтпес бұрын ПИК қызметкерлері қандай мәселелерді шешуі керектігіне қысқаша тоқталып өтейік. Олар­ға артылар жүк жеңіл емес. Тұр­ғын үйдің маңайындағы қор­шау­лардың немесе жоға­ры қа­баттағы шатырдың дұ­рыс­ты­ғына мән беру – басты мін­деттерінің бірі. Бүлінген жер­лері болса уақытында жөндетіп, болмаған жағдайда ауыстырған жөн. Кіреберіс ішін белгілі бір уақытта ағартып, бояу жұмыс­тарын жүргізіп тұру керек.
Күн суытып, күз мезгілі жақын­даған уақытта жылыту жүйелерін тексерістен өткізгені абзал. Яғни қақтан және тұз тұнбаларынан тазартып отыру қажет. Бұған қоса қыстыгүні ауа температурасына сай жылыту жүйесін де құбылтып отыру тиіс. Бұдан өзге су жүйесінің, жерастындағы кәріз жолының кез келген проблемасын назарда ұстап, олқылықтары болса, дер кезінде орнын толтырып отырған жөн.
Ауланың толықтай жарықпен қамтамасыз етілуі – ПИК қыз­меткерінің мойнында. Сол сияқты әр үйдің кіреберісінің және бірінші қабат пен шатырдағы электр шамдарын уақытында ауыстырып отыру қажет.
Сонымен қатар үй маңайын қыста қалың қардан, жазда қоқыстан, арам шөптен тазартып отыру керек. Жаз уақы­тында әр сенбі сайын сенбілік ұйымдастырып, тазалық жұмыс­тарына мән берген жөн.
Міндеттерінің келесі бірі – нақты бір уақытта тұрғындар арасында жиналыс өткізіп, күрмеулі мәселелерді бірге шешуі тиіс. Сонымен қатар әр тоқсан сайын есеп жасау да, жалға берушілерді тіркеп отыру да ПИК қызметкеріне артылған жұмыс.
Осыған қарап-ақ бұл саланың мамандарына қойылар талаптың оңай еместігін байқауға болады. Оның үстіне ПИК қызметіне орналасқысы келген адамға қойылар бірнеше талап бар. Нақтырақ айтар болсақ, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2012 жылғы 29 мамырдағы № 215 бұйрығына сәйкес ПИК қызметкерлері тиісті мамандық бойынша жоғары немесе орта білімді болуы шарт. Бұған қоса басқару шешімдерін жедел қабылдау және іске асыру, жұмысты жоспарлау және бақылау, іскерлік келіссөздер жүр­гізу, тіпті көпшілік алдын­да сөз сөйлей білу – негізгі талап­тардың бірі. Сол сияқты норма­тивтік құқықтық актілерді прак­тикада қолдану, қызметтік құ­жаттамалармен жұмыс істеуге бейім­ділігі де назардан тыс қал­майды.

Тұрғындар көңілі толмайды

Бас қалада басты міндеттерін орындамайтын ПИК мамандары да аз емес көрінеді. Былтыр қала әкімі Әсет Исекешев кезекті жиналыстарының бірінде тұрғындардың ПИК қызметтеріне көңілдері толмайтынын мәлім етті.
– Бұл саланың елорда үшін маңызы зор, себебі қала тұрғында­рының өмір-тіршілігімен тікелей байланысты. Тұрғын үй қорының қызмет көрсету саласында пә­тер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты мәселелер жеткілікті. ПИК-тер жұмыс істегенмен, көбінің қызметіне тұрғындардың көңілі толмайды, – деген Әсет Исекешев.
Бұл мәселе жақында қайта көтеріліп, қала басшысының тап­сырмасымен 500-ге жуық ПИК жұмысы тексерістен өтті. Міне, осы тұста тарифтерді өз бетімен белгілегені, пәтер иелерінің алдында тоқсандық есеп жасамағаны секілді бірнеше заңбұзушылық анықталған. Ең алдымен арнайы топ шағым көбірек түскен 41 кооперативтің жұ­мысына мән берді. Қызметі на­шарларға қатаң ескерту жасалды. Ал ескертпені қаперге ілмеген бірнеше ПИК-тің ісі ма­ман­дандырылған ауданаралық әкім­шілік сотқа жіберілді. Сондай-ақ тағы біреуіне айыппұл салынды.

Электронды ПИК ерекшелігі неде?

«Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы аясында елімізде «е-ПИК» электронды жобасы іске қосылғаны белгілі. Бұл бастама алғаш рет таныстырылған уақытта Тұрғын үй инспекция басқармасы басшысының орынбасары Азамат Әміржанов «е-ПИК» электронды жүйесінің тиімділігі туралы былайша түсіндірген еді:
– Тұрғындар үшін е-ПИК жобасының пайдалы тұстарының бірі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Себебі соңғы уақытта өзін ПИК қызметкері ретінде таныстырып, үйге басып кіретін алаяқтар көбейіп кетті. Міне, бұл осындай проблемалардың алдын алады. Яғни, осы жобаның мобильді қосымшасы арқылы кез келген тұрғын кооператив мамандарының келе жатқанынан хабардар бола алады. Бұдан бөлек тұрғындардың ортақ пікір алаңын ашып, үйдің күтіміне қатысты мәселелерді талқылауына мүм­кіндік жасалған, – деді.
Жаңа жоба жүзеге асқаннан кейін оның пайдалы тұстары да көбейе бастады. Бірер ай бұрын Астана әкімдігі қаладағы «е-ПИК» жобасында әрбір тұрғынның «жеке кабинетін» ашу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады. Бұл «қыстың қамын жаз ойла» деген халық даналығын бірден есімізге түсірді. Себебі осы уақытта пәтердің жылу, су жүйесін тексерту науқаны басталмақ. Ал мобильді қосымша арқылы электрик, сантехник секілді мамандардың қызметін алу үшін өтініш қалдыруға болады. Осы өтініш тиісті жерге жетіп, оған нөмірі тіркелінеді. Ал ары қарай тапсырыс беруші барлық жайттан хабардар болып отырады. Өз кезегінде ПИК маманы қосымша арқылы баратын уақытын белгілей алады.
Айта кетер тағы бір ерекшелігі, жауапты қызметкер ұялы телефон қосымшасы арқылы бүкіл мәселеден хабардар етіп отырмақ. Мәселен, аула ішін қардан тазарту керек болса, көлік кіруге уақытша шектеу қойылатынын алдын ала ескертіп отырады. Бұл жоба кооператив қызметкері мен тұрғындар арасында байланыс орнатып, жылдам хабар алуға мүмкіндік жасайды. Яғни пәтер иесі кооператив мамандарына бармай-ақ мәселені үйде отырып шеше алады. Осы арқылы қызмет көр­сетуші компания мен ПИК-тің қыз­мет сапасын бағалауға болады.
Бұл жүйеде шағым түсіруге болатын қызметі де бар. Ол ПИК-ке жеткеннен кейін тиісті шаралар қабылданғанын онлайн бақылап отыруға мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, кооператив маманы тұрғын үй аумағына қатысты қандай да бір шешім қабылдамақ болса, онлайн дауыс беру жүйесін ұйымдастыра алады. Бұл ПИК қызметкерінің тұрғындарды бір жерге жинап, жиналыс ұйымдастыру ісін жеңілдетпек.
Жасыратыны жоқ, соңғы жыл­­дарға дейін сала маманда­ры­ның белгілі бір жұмыс үшін қаржы жинауы, артынша оның басым бөлігін жалақысы ретінде меншіктеп алуы дәстүрге айна­лып кеткен. Ал жиналған ақша­­ның қалай жұмсалғаны көлең­ке­леніп қалатын. Соның салдарынан елордадағы біраз үй апатты жағ­дайға жетті. Көбінде лифт жүйелері бұзылып, «шықпа жаным, шықпамен» тұрғандары кө­бейді. Қазіргі уақытта бас қала­да 6653 лифт болса, былтыр қала әкімінің тапсырмасымен 96-сы ғана жаңаланыпты. Енді ПИК ма­ман­дарының жалақы табу дәс­­­түрі бұрынғыдай жасырын қал­­майды. Онлайн жүйе арқылы тұрғындар әрбір тиынның қайда жұмсалғанын бақылауда ұстай алады.
Нақтырақ айтқанда, «Цифр­лы Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның пайдалы тұстары аз емес. Алдағы уақытта оның тиімді қызметтері артады деген жоспар бар.
Қорыта келер болсақ, Астана еліміздің бас қаласы болғалы 20 жылдан аса уақыт болды. Елорда күн санап дамып келеді. Ал ПИК қызметінің электронды жүйеге көшіп, ілгері қадам жасауы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне септігін тигізері сөзсіз.

Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button