Басты ақпаратҚала тіршілігіМәслихат

«Ақылды қала» эталоны – астана тәжірибесі

Мирас ШЕКЕНОВ, Астана қалалық мәслихатының депутаты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында елімізді одан әрі өркендетуге бағытталған он міндет белгіленді. Солардың ішінде Астана үшін төмендегі міндеттерді аса өзекті деп санаймын.

«Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді. Ол біздің Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновация­лық орталықтардың төңірегінде қалыптасуға тиіс. «Алатау» инновациялық техно­логиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарау қажет» дейді Елбасы бі­рінші міндетінде.
Меніңше, бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен цифрлық құ­ралдар өндірісін жолға қоюымыз керек. Қазіргі таңда мемлекет осы мәселені қолға алып, әртүрлі инновациялық өнімдерді шығарушыларды ынталандыруда және даму институттарын қалыптастыруда. Екінші маңызды мәселе – сол цифрлық құралдарды пайдалану мен тұтынуды ынталандыру. Мемлекеттік органдар, ұлттық және жеке компаниялар, тұтас халық та бұл құралдарды тұтынуы тиіс. Ал үшіншіден, кәсіпорындар арасында, мемлекет пен халық қарым-қатынасында цифрлық байланыс орнауы қажет. Мұнда bigdata, цифрлық қолтаңба және осындай экожүйені тануға және кедергілерді жоюға арналған басқа да технологияларды қолдану шарт.
Президент технологиялардың дамуы жайлы айтқанда, «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде қалалық ортаны басқаруды енгізу мақсатын қойды. Елбасы атап өткендей, «Ақылды қала» эталоны Астана тәжірибесі негізінде қалыптасатын болады. Елордада ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың көмегімен қалалық инфрақұрылым белсенді өркендеуде. Бұл өз кезегінде қала халқының өмір сүру сапасын жақсартуда және жетекші технологиялық шешімдер арқылы қалалық ортаның нәтижелігін арттыруда.
«Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды» делінген Жолдаудың оныншы міндетінде. Қазіргі заманғы мегаполистердің тұжырымдамасына қалалық ортаны кешенді басқару енгізіліп, осындай қалаларға қоныс аударатын адамдар құзыреттерінің стандарттары көтеріледі. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» дейді Елбасы. Елдің бағдары осы болуы керек.
Қазақстан Президенті 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойды. Былтыр Астанада дүрілдеп өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінен кейін де «жасыл» технология­ларды дамытып, қазақстандықтардың күнделікті өміріне ғана емес, бірінші кезекте елдің өнеркәсіптік секторына енгізу қажет.
Мемлекет басшысы шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысық­тауды, кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнем­­деуге, сондай-ақ энергия өн­ді­ру­шілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиім­ділігіне қойылатын талаптарды арттыруды тапсырды.
Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрағанын айтқан Елбасы бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керектігін атап өтті.
Бүгінгі таңда Қазақстанда тұрғын үйге қатысты бірнеше бағдарлама жүзеге асты. Олардың бәрі маңызды міндет – баспананы қолжетімді етуге
бағытталды. Уақыт алға озған сайын шарттар да, операторлар да, қаржыландыру меха­низмдері де, мемлекеттік қолдаудың бағыты да бірнеше мәрте өзгерді. Қазіргі күнге бұл мәселеде біраз тәжірибе жинақтадық деп ойлаймын. Бұл тәжі­рибені Жолдау жүктеген міндеттерді орындауда барынша пайдалану керек.
«Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (форте­пиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» деген еді Елбасы аталмыш Жолдауда.
Кез келген тілді оқып үйрену – болашаққа салынған инвестиция. Әлемді әртүрлі тілдерде қабылдай алатын болсақ, қазіргі заманғы білімге қол жеткізіп, сан алуан мәдениеттен, адамдардан, көзқарастардан хабардар болып, негізгі құзыреттеріміз дамиды. Қазір тілдерді оқытудың әртүрлі әдістерін белсенді қолданып, үш тілде электронды білім беру ресурстарын әзірлеу қажет. Бас­тысы, қазіргі қазақстандық қоғамда үш тілдің де дамуы үшін тиісті тілдік ортаны қалыптастыру керек деп ойлаймын.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button