ДенсаулықЖаңалықтар

Ақжелеңділер шыңдалатын орталық

Астана қаласында дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін шыңдайтын арнайы оқу-клиникалық орталық бар. Құрылған тоғыз жылдың ішінде бұл орталық бірталай жетістіктерге жетті. 

img_0098

Елорда әкімдігінің қолдауымен құрылған орталық ақжелеңділерді оқытуда, олардың дәрігерлік машығын қалыптастыруда таптырмайтын әдіс – симуляциялық технологияларды пайдалана отырып оқытады. Бұл дегеніңіз – ауруды және оның белгілерін жасанды түрде ұйымдастырып, «науқастарға» қандай жолмен, қалай жедел көмек беруге болатынын көрсету. Ол үшін арнайы манекендер мен мулляждар пайдаланылады. Манекендердің сыртқы түр-пішіні мен «терісі» адамға ұқсас жасалған. Жансыз бейнелердің ішіне арнайы пульт-пен басқаруға болатын компьютерлік бағдарлама енгізілген. Дәрігер-нұсқаушы сол пульт арқылы қандай да бір ауруға, оның белгілеріне клиникалық сценарий құрады. Мысалы, адамның жүрегі кенет тоқтағанда, жүрек-қан тамырлары қызметінің жіті бұзылыстарында қандай жедел көмек көрсетілу керектігі оқытылады. Ал егер медицина қызметкері бір жерден мүлт кетсе, әлгі манекендерге «тіл бітіп», ауырсынғанын білдіреді.
Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша шұғыл жағдайларда жедел медициналық көмек беру дағдыларына оқыту бойынша стандартталған курстарынан медициналық және медициналық емес мамандықтардан 15 000-нан аса адам өтті.
Орталықтағы дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оқыту бағдарламаларын тұрақты жетілдіру үшін барлық өңірлерінде жедел медициналық көмек көрсету қызметін бағалау нысаналы индикаторлары енгізілгенін де атап өту қажет.
Биыл Астананың оқу-клиникалық орталығының бастамасымен халықаралық деңгейде симуляциялық оқытуға байланысты конференция өтті. Жиынға қатысушылар жедел медициналық көмек көрсету қызметі жұмысына жаңа технологияларды енгізу және медициналық кадрларды даярлау тәжірибесінде симуляциялық технологияларды қолдану жайын талқылай келе, алғашқы медико-санитарлық кө­мекті интеграциялау, ересектер мен бала­лардың өміріне қауіп төнген кездегі шұғыл көмектер жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Конференция аясында алғаш рет жедел медициналық көмек көрсету бригадаларының жарыстары өткізілді. Қатысушылар әртүрлі ситуациялық жағдаяттар, соның ішінде жаңа туған нәрестеге жансақтау шараларын жасау, көп жарақатта және фосфороорганикалық қосылыстармен уланғанда қандай көмек көрсету керектігін жұртшылыққа көрсетті.
Орталықтың тағы бір маңызды бағыты – халықаралық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу. Бүгінде орталық Жапония, АҚШ, Израиль, Испания, Оңтүстік Корея, Финляндия, Сингапур, Литва, Ресей, Белоруссия, тағы басқа көптеген беделді орталықтармен ынтымақтаса жұмыс істеп, шеберлік дәрістер, тренингтер, күрделі ота-лар, шетелдік жетекші профессорлардың қабылдауын ұйымдастырып келеді. Осы тоғыз жыл ішінде ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелеріне арналған 100-ден астам шеберлік дәрістерін, тренингтер, тәлімгерлік бағдарламалар өткізді және 4 мыңнан астам медицина қызметкері алыс және жақын шетелдің жетекші ғылыми орталықтары мен клиникаларында оқып келді. Шетелдік мықты мамандардың шеберлік дәрістері арқасында Астанада 200-ге жуық ота жасалды, 1 мыңнан астам науқасқа тәжірибелік, кеңестік көмек көрсетілді.
Бүгінгі күні 16 мыңнан астам меди­циналық және медициналық емес мамандарды оқытып шығарған орталық еліміздің барлық облыстарында аймақтық бөлімшелер желісін құрып, 2014 жылдан бастап республикалық деңгейге шықты.
Оқу-клиникалық орталықтың басты мақсаты – денсаулық сақтау саласының деңгейін жоғары көтеруге үлес қосып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button