ДенсаулықЖаңалықтар

Қазіргі қауіп – тұмаудан

Күн райының құбылмалды­лығына байланысты қазір елордада вирустық аурулар өршіп тұр. Әсіресе, тұмаудың таралуы алаңдатып отыр. Тұмау жө­тел­генде, түшкіргенде, науқас адаммен сөйлескен кезде сілекей мен шырыштың ұсақ бөлшектері а­рқылы таралады.

228955d60c1b1d313db22910d9f35799

Көп адамдар тұмау мен суық тиюді айы-ра алмайды. Тұмау вирусында адамның дене қызуы жоғарылап, бұлшық ет пен буындар ауырады, жөтел күшейеді. Бұл сырқат бойдағы әртүрлі созылмалы ауруды асқындырып жіберуімен қауіпті. Вирус күшейгенде өкпенің токсикалық ісінуі, пневмония, ортаңғы құлақтың асқынуы, қан құйылу қаупі артуы мүмкін.
Бүгінде Астанада тұмаудың эпидемиялық маусымның басталғалы 12268 жағдай тіркелген. Зертханалық сараптамалардың нәтижесі бойынша, қараша айының ортасынан парагрипп, респираторлық-синцитиалды вирус, риновирус және аденовирус, бокавирус сияқты тұмау емес вирустардың, желтоқсан айының ортасынан бастап қаламыздың аймағында тұмау вирусының A (H3N2) және В типінің циркуляциясы анықталған.
Тіркелген ЖРВЖ жағдайларының арасында 14 жасқа дейінгі балалар 58 пайызды құрады. Жүкті әйелдердің арасында 596 жағдай тіркелген.
Ұзақ жылдар бойы жүкті әйелдердің арасында тұмау тәрізді жұқпамен ауырған жағдайдың есебі жүргізілуде. 2009 жылы болған Австралия мен Жаңа Зеландияның пандемиясы анализінің нәтижесінде H1N1 тұмау вирусын жұқтырған 60 әйелдің 7 пайызы баласын өлі туған, 5 пайызында бала туғаннан кейін шетінеп кеткен, ал 37 пайыз әйел тұмаудың кесірінен уақытынан бұрын босанса, вирус жұқтарған әйелден туған нәрестелердің 57 пайызы интенсивті палатаға түскен.
Сондықтан аурудың алғашқы бел­гілері пайда болғанда үйде қалып, дәрі­герді шақырған жөн. Медициналық кө­мекке дер кезінде жүгіну, науқасты сау адамдардан оқшаулау тұмаудың алдын алады әрі асқынуды болдырмайды.
Эпидемиялық аурудың өршу жағдайында вирус концентрациясын азайту мақсатында үйде және жұмыста бөлмені жиі желдетіп тұру қажет. Суық тиюдің алдын алу керек. Өйткені ондай кезде адамның иммунитеті әлсіреп, ауруға тез бой алдырғыш келеді.
Жиһаз, қабырға, еденге шаңмен түскен вирустардан құтылу үшін бөлмені жиі ылғалды шүберекпен сүртіп отырыңыз. Тағам рационына жеміс-жидектерді көбірек қолданған жөн. Сарымсақ пен пияздан бас тартпаңыздар, олардың құрамында вирустар мен басқа микроорганизмдерді өлтіретін заттар бар.
Аурудан тезірек жазылу үшін иммунитетті көтеретін спецификалық емес емдік заттарды қолдануға болады. Олардың қатарына интерферон индукторы (циклоферон, арбидол, циговир, амиксин); гомеопатикалық препараттар (грипп-Flu, афлубин, инфлюцид, сандра); иммуномодуляторлар (Иммудон, ИРС-19, Бронхо-Мунал); элиминациялық ем препараттары (жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабатынан патогенді микрофлораны механикалық жолмен тазалау) – Аква-Марис, поливитаминдер, Витам, оксолин майы және басқалары жатады.

Айгүл ЖҮНІСОВА,
Астана қаласы Тұтынушылар құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button