Басты ақпаратМәдениет

«Арнаудың» уақыты анықталды

Ән әлемінің айтулы әншісіне айналып келе жатқан Димаш Құдайбергеннің Астанадағы «Арнау» атты концерті 29 маусымда өтетін болып белгіленді.

 

Концерт өтетін уақыттың нақ­тыланғаны туралы әншінің өзі де жеке парақшасында хабарлап, қолдаушыларына «Күн белгіленді! Бұл ең үздік шоу болмақ. Билет сатылымы туралы кейінірек хабарлаймыз. Қазақстанда 29 маусымда көріскенше!» деп лебіз қалдырды.
Бұдан бұрын ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин Жастар жылы аясында талантты жастарды қолдау мақсатында Димаш Құдайбергеннің концерттік кешін өткізу жоспарланғанын айтқан еді. Оның айтуынша, Димаштың Астанадағы концертінде әлемдік шоулардағы технологиялар пайдаланылады. 4-5 бөлімнен тұратын концертте қазақтың халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларымен қатар, заманауи әрлеумен орындалған Димаштың авторлық туындылары ұсынылады деп жоспарланған. Концертте қазақ, ағылшын, француз, қытай, орыс, итальян тілдерінде әндер шырқалады.
Концерттің билет бағасы нақты қанша болатыны әлі белгісіз. Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлының ай­туынша, билет бағасы тым қымбат болмайтын көрінеді. «Басты мақсат билеттен түсетін қаржы емес. Әрине, шетелде өте­тін концерттерде біз ең бірінші осыған мән береміз. Ал Қазақстанда басты міндет – көпшілікке қолжетімді болуы. Билет бағасы 500 теңгеден басталады деп ойлаймын» деді министр ведомство алқасының кеңейтілген отырысында. Концертте мектеп оқушылары мен әлеуметтік аз қамтылған халық санатына арнайы орындар да қарастырылады екен.
Естеріңізге сала кетейік, Димаш Құдайберген қазір АҚШ-тағы «The World’s Best» байқауына қатысып жатыр. Сонымен қатар әнші 22 наурызда Мәскеу­дегі Кремль сарайында алғашқы концертін қояды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button