Мәдениет

«Асауға тұсау»: Аймановтан Ахметовке дейін

Кезінде қазақ сахнасына жол тартқан әлемдік классикадан көрерменге ұлтымыздың төл туындысындай әсер ететін қойылымдар бар. Солардың бірі де, бірегейі де – Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов қазақшалаған аталмыш туынды алғаш рет қарашаңырақ Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры) 1943 жылы сахналанды. Содан бері еліміздің талай театрларында қойылды. Астананың «Жастар» театрында осыдан 10 жыл бұрын премьерасы өтті. Спектакль осы жылдар бойы аталған өнер ошағы репертуарынан түспей келе жатыр. 28 ақпан күні премьераның 10 жылдығы аясында кезекті мәрте ұсынылмақ.

«Асауға тұсаудың» қазақ сахнасындағы 80 жылдан астам тарихында спектакльде актерлердің бірнеше буыны бейнелерді сомдады. Соның ішінде Петручионы сомдаған, Шәкен Айманов пен Катаринаны кес­кіндеген Хадиша Бөкееваның есімдері ерек аталады.

«Шәкен сомдаған Петручио рөлі өнердің үлкен жаңалығы болды. Актер бойындағы музыкалық, пластикалық қасиет, интонация байлығы «Асауға тұсаудың» ажарын ашып, бәсін биіктеткен табысты ізденіс екені даусыз. Әсіресе Катарина рөлін ойнаған КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева екеуінің теңдессіз тандемі күні бүгінге дейін театр тарландары үшін тамаша тәжірибе мектебі десек, қателеспейміз. Тіпті кезінде «Асауға тұсау» комедиясы Одақ бойынша үздік деп танылып, Шекспирдің мерейтойында тамаша тандем осы спектакльмен Лондонға барып өнер көрсетіп қайтты» деп жазады театртанушы Назерке Жұмабай.

Жалпы әу басында спектакльде кейіпкерлерді сомдаған актерлерден тамаша актерлік ансамбль құралған еді. Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеевамен қатар Қалибек Қуанышбаев (Баптиста), Елубай Өмірзақов (Гремио), Мүлік Сүртібаев (Слай) бұл қойылымды биікке көтеріп кетті. Қалибек ­Қуанышбаевтан «Асауға тұсауды» аударма деуге аузың бармайды» деген сөз де қалған.

«Бір жолы қазақ өнерінің аңызы, ұлы Шәкен Айманов, Шәкен аға мен Хадиша Бөкеевадан «Асауға тұсаудағы» Катарина мен Петручио жұлдыз­ды рөльдері туралы сұрадым. Сонда Хадиша апа «Біз ойнаған жоқпыз, бір өмір сүрдік» деді ерекше бір жылы дауыспен. Екеуі шынында да ғажайып парт­нер еді. Шәкен аға шыққанда сахна толып кететін, ерекше бір әсерге бөленесіз, ерекше бір аура пайда болады. Балықшы ауы ма, әлденені сүйреткен Петручио – Айманов жалғанды жалпағынан басып келе жатқандай. Залда овация. Әрбір эпизодта ішек-сілеңді қатырады. Шәкен ағаның әзіл-қалжыңы керемет еді» деп еске алған еді бір сұхбатында белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникамал ­Байқошқарова.

Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеевадан кейін Петручио мен Катаринаны Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова сомдады. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде бұл спектакль аса жоғары бағаланды.

Ал «Жастар» театрында «Асау­ға тұсауды» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекболат Құрманғожаев және Дәурен Серғазин үштігі сахналады. Мұнда кейіпкерлерді сомдауға жұлдызды құрам тартылды. Атап айтқанда, Петручионы Әділ Ахметов, Катаринаны Айнұр Рахипова, Гремионы Бақыт Хаджибаев, Люченционы Дәурен Серғазин ойнайды. 10 жыл ішінде «Жастар» театры осы спектакльмен көптеген театр фестивальдерінде топ жарды. Соның ішінде Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған XXII республикалық драма театрлар фестивалінде (Қызылорда, 2014 жыл) гран-приді иеленді. Қазақтың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде (Түркістан, Шымкент, 2017 жыл) бас жүлдемен қатар «Үздік әйел бейнесі» аталымында Айнұр Рахипова мен «Қойы­лымдағы ұтымды бейне» номинациясында Әділ Ахметов топ жарды. Қойылым VI халықаралық «ART-ORDО» театр фестивалі (Бішкек, 2017) «Үздік режиссер» аталымын алды. Ал ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған

«ТеатрАLL-2021» халықаралық театр фестивалінде (Астана, 2021) тағы гран-при жүлдесімен актер Жандәулет Батай «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» аталымын иеленді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button