Білім

Цифрлық заманда кітапхана қажет пе?

Цифрлық заманда кітапхана қажет пе? Қазір осы сұрақ жиі қойылады. Әрине, кітапхана қажет, себебі қай заманда болсын, қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кез келген кітапхана – даналықтың, үлкен мәдениеттің қоймасы. Кітап – біздің рухани жан азығымыз десек, кітапхана – білім мекені. Ендеше, бүгінгі дамыған заманда жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір кітапхана деп білеміз.

Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ, оқырманның талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші. Кітапхана – кітаптарды, журналдарды, газеттерді көпшілікке пайдалануды ұйымдастыратын мәдени-ағартушылық және ғылыми-көмекші сипаттағы мекеме. Кітапханалардың негізгі міндеттері – сақтау, жинақтау, насихаттау және оқырмандарға кітап беру.

Кітапхананың алдына қойған негізгі мақсаты – халықты қағаз жүзінде және электронды түрде ақпаратпен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс кітапхана жұмысын жандандырады. Сондықтан кітап­ханалардың қоғам алдындағы қажеттілігі алда әлі арта түседі деп сеніммен айтуға болады. Жүздеген томдарда өркениет жетістіктері туралы мәліметтер ғана емес, көптеген жазушылар ойлары мен еңбектері бар. Дамыған елдердің қай-қайсы болмасын кітапханаға зор көңіл бөліп отыр. Әлемдегі кітапханалардың заманауи ғимараттары да керемет.

«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электрондық форматтың қарқынды дамуына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың білім беру рөлі ешқашан өз мәнін жоғалтпайды» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана туралы. ­Президентіміздің өзі кітапхананы қолдап отыр. Кітапхана жастардың дамуына, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.

Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар қарыштап даму үстінде. Оқырмандар кітапханаға келмей-ақ ақпаратқа қол жеткізе алатын дәрежеге жетті. Осы орайда дәстүрлі кітапхананың қажеттілігі туралы қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатады. Электронды кітаптар, жастарға да жасамыс­тарға да керек. Бірақ өзіміз – бала кезден кітапты басымызға жастанып оқып өскен ұрпақпыз. Сондықтан бізге дәстүрлі басылымдар қымбат. Жалпы, қазір оқимын деген адамға кітаптар жетерлік. Интернетте де өте көп. Қазіргі заманды «ақпараттық ғасыр» немесе компьютерлік технологиялар ғасыры деп айтады. Шынында да, бұл адам қызметінің барлық салаларында айқын көрінеді. Бұл үдерістен кітапхана жүйесі де сырт қалған жоқ.

Кітапханалар қазір оқырманға қызмет ету шекараларын кеңейтуде, балалар мен ересектерге арналған көптеген іс-шаралар өткізетін демалыс орталықтарына айналуда. Адамдардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту үшін кітапханаларда өте көп іс-шаралар өтіп тұрады. Мысалы, авторлармен кездесу, кітаптардың тұсаукесерін өткіземіз, мерейтойлар өтеді, атаулы күндерге кітап көрмелерін ұйымдастырамыз. Кітапханалар оқырмандарды шығармашылыққа баулиды, жас кезінен бастап адамдарды кітапты сүюге шақырады. Ақпараттық технологиялар пайда болған кезде де қағаз кітаптар өз мағынасын жоғалтқан жоқ, іргелі білімнің көзі болып қала береді. Сондықтан қазіргі қоғам өміріндегі кітапханалардың рөлі тек өсіп келеді.

Қазір кітапханалар өздерінің қорларын ашып қойған. Оқырман келіп, емін-еркін аралап, өзіне керекті кітапты алып оқи береді. Бұл жақсы үрдіске айналып келе жатыр. Оқырмандар қажетті тақырыптағы әдебиеттерді алып, пайдалана алады. Кітап бар жерде рухани өмір бар. Кітап – адамның рухани қазынасы. Ол солай болып қала береді. Оның орнын ешқандай технология баса алмайды.

Кітап әлемінен алыстаған ұрпақтың болашағы бұлдыр, келешегі күңгірт. Сондықтан жас өскінді кітапқа тебіреніспен қарайтындай етіп тәрбиелеуге қол жеткізу үшін тек қана мұғалімдер емес, ата-аналар, жалпы қоғам болып атсалысу керек. Ұлт болашағы – оқитын ұрпақ қолында.

Қазір Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесіне қарасты 18 кітапхана бар. Өткен жылы 4 кітапханамыз күрделі жөндеуден өткен. Биыл тағы 4 кітапхана күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде және жаңа 4 кітапхана қосылып отыр. Кітап­ханамыз кеңеюде. Сондықтан оқырмандарды кітапханаға шақырамыз. Кітапханамыздың есігі әрбір білім іздеуші оқырманға ашық.

Сағадат Иманбекова, Астана қаласы әкімдігінің

орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ақпараттық-библиография­лық жұмыс қызметінің басшысы   

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button