Әлеумет

22 жыл сапта

Қызығы мен қиындығы қиюласқан ішкі істер саласына адамдар әртүрлі себеппен келіп жатады. Біреулер үшін бала күнінен оқалы киім кию арман болса, енді бірі осы салада ұзақ жыл еңбек еткен әкесінің немесе атасының жолын қуады. Ал үшіншілері қоғам тыныштығы мен адамдар қауіпсіздігін қорғауды өз парызы санап, полиция қызметкерінің имиджін жоғарылатсам деген нақты мақсаттың жолында тәртіп сақшысы қызметін таңдап жатады. Осы топтағы жандардың қатарында Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің жедел кезекшісі, полиция капитаны Талғат Қойшыбаев бар.

Патрульдік полиция қызметі – қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін елдегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасуда. Ал бас қаланың тыныштығын қамтамасыз етіп, ел ішінде тәртіпті жіті назарда ұстауда талмай қызмет етіп келе жатқан азаматтың бірі, біздің кейіпкеріміз Талғат Қойшыбаев бұл салаға кездейсоқ келмеді. Әкесі де ішкі істер органдарында қызмет еткен, сондықтан ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, әкесінің ізінен еріп, өзі секілді жігерлі де талапты, алдына нақты мақсат қоя білетін жігіттердің керектігін сезініп, белді бекем буғанын айтады. Қызылорда қаласының тумасы Отан алдындағы борышын өтеп, әскери міндетін орындап, елордаға арман қуып келеді. 2002 жылы қызмет жолын Патрульдік полиция полкінің қатарынан бастаған ол бүгінгі күні де 22 жыл қатарынан осы құрылым сапында қызмет етеді. Уақытпен санаспай, күндіз де, түнде де қызмет орнынан табылып, талай құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алып, күресіп жүрген полиция қызметкері үшін бұл аз уақыт емес, әрине. Жұмыс істей жүріп, Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясында сырттай білім алған ол – қазірде полиция капитаны. Оңы мен солын таныған, қызметінің қыр-сырын меңгерген, ішкі істер саласының ұңғыл-шұңғылын жетік білетін тәжірибелі маманға айналды. Патрульдік полиция полкінде өзінен бөлек тағы төрт кезекші жұмыс істейді. Десе де, араларындағы жасы үлкені әрі тәжірибесі мол Талғат Қойшыбаев «бір салада адал жұмыс істеп, абыроймен зейнетке шығу арманым» дейді.

«Полиция қызметкері болу – тек погон тағып жүру емес. Сен әрдайым, әр минутта айналаңның бәріне жіті қарап, заң аясынан шыққан кез келген әрекетті қалт жібермей бақылауда ұстауың қажет. Осы ұзақ жылғы қызметтен менің ойға түйгенім, полиция қызметкері ең бірінші психолог болуы керек екен. Өйткені әртүрлі шақыртуға барғанда ол жердегі адамды бір көргеннен-ақ оның пиғылын «танып-біліп», сәйкесінше өзіңнің қалай әрекет жасайтыныңды тез арада жоспарлап үлгеруің керек. Жағдайдың қалай болатыны сенің жедел шығарған шешіміңе тікелей байланысты. Адамдардың да мінезі жібектей емес. Ұялы телефон камерасын алып, бірден бейнежазбаға түсіреді не әлдебіреуге хабарласып, айыппұл төлемеудің амалын жасап жатады. Кейбіреу жол ережесін бұзғаны туралы дәлелдеме сұрайды, ал оны алу үшін жедел басқару орталығына бару қажет. Хаттама алуға дейін процесс ұзақ уақытты алып қалуы мүмкін. Айына екі не төрт күн ғана демалып, 13-14 сағатқа созылатын жұмысқа әркім шыдай бермейді. Сондықтан біздің қызметімізде ең әуелі әр жағдайда сабырлық таныту өте қажет» дейді полиция капитаны.

Жұмысын таңертең 4.30-да бастайтын ол ең әуелі құжаттарын алдын ала дайындап, бір күндік шаралар тізбесін нақтылап, жеке құрамға жеткізерден бұрын пысықтап алады. Күндізгі уақытқа 160-қа жуық адам желіге шығады екен. Кейін барлық жеке құрамды табельдік қарумен қаруландырып, сапқа тұрғызып, іс-шаралар туралы ақпаратты жеткізеді. Ал түнгі ауысымда берілген табельдік қаруларды қабылдап, жеке құрамның жұмыс нәтижелерімен танысады. Жеке құрамға нұсқаулық беріп, олардан болған оқиғалар жайында баяндама тыңдап, оны басшылыққа жеткізетін кейіпкеріміздің қызметі ортадағы «алтын көпір» іспетті.

Полицияда қызмет ету бір жағынан абыройлы міндет болса, екінші жағынан, қауіпті жұмыс екені мәлім жайт. «Күн сайын қызметте жүргенде бізге әртүрлі шақырту түседі» дейді полиция капитаны. – Әсіресе, елорданың түнгі клубтарында ішімдікке салынған азаматтар арасында болатын топтық төбелес бойынша шақыртулар жиі түседі. Одан бөлек, мысалы, өткен аптаның бір түнінде ұрлық жасап, қашып кеткен күдікті ұсталды. Жеке құрам тексеру барысында арнайы планшет арқылы ол кісінің 188-бап бойынша ұрлық жасағанын анықтады. Сол секілді құқықбұзушылық жасап, қылмыстық іс-әрекеттерге барған азаматтар үнемі тексеріліп тұрады. Алайда полиция тарапының түсіндірме жұмысынан соң да сол азаматтардың нәтиже шығарып, бұл әрекеттерге қайта бармауы өте аз кездеседі. Әрине, ол адамның өзіне де байланысты. Патрульдік полиция үнемі жолда жүретіндіктен, кей оқиғалар барысында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларынан не жедел жәрдем қызметкерлерінен бұрын барып жататын жайттар да жиі кездеседі. Мысалы, бір жағдай есімде, Республика даңғылы бойында үлкен кран қирап, адамдардың үстіне тас құлаған. Сол кезде тек бір жедел жәрдем көлігі келген еді. Кейін мен зардап шеккен адамдар саны көп екенін түсіндіріп, көбірек операциялық бөлім көліктерін сұраттым. Себебі жағдай күрделі болды, – деп қосты спикер.

Патрульдік полиция қызметіне қызығып, тағылымдама өтуге келген не жұмысқа енді орналасқан жас буын кейіпкеріміздің оқуынан міндетті түрде өтеді. Ол осы саланың қызығы мен шыжығы туралы кеңірек айтып, әр жағдайда дұрыс әрекет ету жолдарын үйретуден жалықпайды. Айтуынша, қызметкердің осы салаға икемделіп қалуы немесе жұмыстан шығып кетуі жасынан берілген дұрыс нұсқамалар арқылы жүзеге асады. Қызметіне адал Талғат Қойшыбаев – екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған әке. Үлкен қызы әкесінен үлгі алып, болашақта қызметін ішкі істер органдарымен байланыстырғысы келеді, сондықтан бүгінде заң академиясының бірінде оқиды.

Қақаған аяз бен ақ түтек боранға қарамай қызмет ететін полиция қызметкері жұмысы халықпен тығыз байланысты. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын берік ұстанған Талғат Қойшыбаев атақ-абыройдан бұрын халық үшін жұмыс істеймін дейді. Бірқатар жылда түрлі оқиғалардың куәгері болғанын айтады.

«Қабанбай батыр даңғылының бойындағы көпір маңында суға түсуге тыйым салынбаған уақыт еді. Бірде екі әйел адамның айқайы естілді. Сол маңда жүргеннен кейін барсам, ер адам суға батып бара жатыр екен. Бірден әрекет етіп, жағаға шығарып, құтқарамын дегенше бір сағаттан астам уақыт кетті. Судан шығарып, ер адамның есіне жинауға көмектесіп жатқан уақытта рациядан мені басшылық құрам іздеп жатқанын естідім. Жұмыс орныма барсам, жеке құрамның барлығын сап­қа тұрғызып, менің орнымда болмағаным үшін оларды сөгіп жатыр екен. Сол кезде жаңағы аман қалған ер адам басшылыққа құтқарғанымды жеткізсе керек. Өзі де маған алғысын айтып, тіпті ақысын ұсынған еді. Ал мен үшін ол маңызды болмады, бастысы – қызметімді одан әрі жалғастыру» деп еске алды болған оқиғанын бірін спикер.

Міне, бұл – тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінде кездесіп жататын қатардағы оқиғалардың бірі. Дегенмен қылмыскерді жалаң қолмен ұстаудың өзі кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені рас. Ол бұзақының қолында пышақ секілді суық қаруы да болуы мүмкін. Сені өлтірмесе де, жарақаттап кетуі ғажап емес. Бірақ адамдардың қауіпсіздігін ойлаған полиция қызметкерлері ең алдымен өз өмірін емес, өзгенің тыныштығын бірінші орынға қоятыны белгілі жайт. Сол табандылығымен де олар әрдайым құрметке лайық.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button