ЖаңалықтарЭкономика

АСТАНА – ЭКОНОМИКА ЛОКОМОТИВІ

screenshot_2016-12-09-16-05-47

Тәуелсіздіктің төл жемісі – Астана қаласы өзінің тарихында Қазақстан экономи­касының даму локомотивіне айналды. Бұған жуырда ғана қала қазынасына 1 триллионнан астам теңге жиналғаны дәлел бола алады. Бұл Мемлекеттік кірістер департаментінің үш құрылымдық қызметтің үйлесімді жұмыстарының арқасында мүмкін болып отыр. Сондай-ақ, елорда Алматы мен Атырау және де Маңғыстау облысы сияқты еліміздегі донор өлкесі болып саналады.

«Қазақстанның Астанасы 2017 жылға қарай халықаралық қаржы орталығына айналуы тиіс». Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бес инс­титуттық реформаны жүзеге асыру­дың «100 нақты қадамы» Ұлт жос­па­рында айтқан болатын. Осыған орай Ұлт­тық банкке 2017 жылдың қаңтарына дейін Алматыдағы қаржы орталығын Астанаға кезең-кезеңімен көшіру тапсырмасы берілген еді. Бұл деген сөз елордада орна­ласатын Халықаралық құқықтық қаржы орталығы ерекше мәртебеге ие болып, Орталық Азия өңірінде іргелі заманауи қаржылық құрылым болады дегенді білдіреді. Өйткені осыған байланысты Парламентте «Астана» халықаралық қар­жы орталығы туралы» Заң қабылдаған еді.
Қазіргі таңда «Астана» халықаралық қаржы орталығы шет елдік әріптестерімен байланыс орнатып, жұмыс жасап жатыр. Бұл орталықтың негізгі міндеті Қазақстан экономикасына қолайлы қаржылық жағдай жасау болып саналады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ЕҢ БАСТЫ ЖЕТІСТІК
Елдің еңсесі тік болуы үшін оның руха­нияты ғана емес, сонымен қатар экономикасы да мықты болуы керек. Экономикалық тәуелсіздік, шындап келгенде, ұлттық тәуелсіздікпен пара-пар, тіпті кей кездері одан жоғары болуы мүмкін. Сондықтан да болса керек, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчер «Экономикалық бостандық болмай, өзге бостандық та болмайды» деп айтқан болатын. Өз замандастары «темір ханым» деп атап кеткен Тэтчердің тәмсілі біздің елдің жағдайына қарай айтылған тәрізді. Өйткені Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтіп отырған мемлекет экономи­калық тәуелділіктің қаншалықты ауыр болатынын басынан өткізді.
Негізі, еліміздің экономикасы туралы сөз еткенде ең бірінші Астана қаласын тілге тиек етеміз. Себебі елорданың эко­номикалық салада жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтуға әбден лайық. Мәселен, 2015 жылы Астана ел өңірлері арасында ішкі өнім өсімінің ең жоғары көрсеткішіне ие болды. Айталық, қала экономикасы ІЖӨ-нің 5 пайыздық өсіміне қол жеткізіп, жалпы экономиканың өсіміне шаққанда 40 пайыздық межеден көрінген. Бұл – отандық экономикадағы кіріс көзінің қомақты бөлігін құрайтын өсім.

ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ
Астана ел экономикасына сырттан тартылған инвестициялар ағымының көлемі жөнінен де көшбасшы қала болып саналады. Жалпы, елорда құрылысы басталғалы бері салынған инвестиция көлемі 6 триллион теңгеден асып жығылады екен. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Астана қаласы инвестицияның игілігін молынан көруде.
– Соңғы 19 жылда Астана қаласы қалай дамыса, оның экономикасы да соған сәйкес өсіп отырды. Сөзім жалаң болмас үшін бірнеше деректі айтып берейін. Мәселен, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 44 триллион теңге болатын болса, оның 10 пайызы Астананың үлесіне тиесілі. Бұл дегеніміз қомақты үлес болып саналады. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанның жалпы ішкі өнімін 14 облыс және Астана мен Алматы қаласы қалыптастырады. Соның ішінде Астананың экономикалық тұрғыдан жақсы дамып өркендеуіне инвестиция тарту айрықша әсер етті. Шын мәнісінде Астана Қазақ елінің орталығы болғандықтан, экономикалық дамудың да алдыңғы қатарлы локомотиві болуы керек. Себебі халықтың тез өсуі экономикалық дамуды талап етеді. Сондықтан да мемлекеттік және жекелеген инвестициялар Астананың экономикалық дамуына ерекше үлес қосты, – дейді Сапарбай Досжанұлы.
Жоғарыда Астана қаласының бюджетіне 1 триллион теңге түскенін тектен-тек тілге тиек еткен жоқпыз. Өйткені қалалық бюджетке түскен қаржының 70 пайызы республикалық бюджетке беріледі. Ал қалған 30 пайыз қазына Астана қаласының бюджетінде қалады. Бұл деген сөз Астана, Алматы мен Атырау және Маңғыстау облысы сияқты донор өлкелердің қатарына қосылады. Біле білген жанға бұл үлкен жетістік.

БІЛІМ МЕН ДЕНСАУЛЫҚ БАСТЫ НАЗАРДА
Білікті экономистерден «Үкімет қаржыны қайда жұмсауы керек?» деп сұрасаң, білім және денсаулық сақтау саласы деп жауап береді. Себебі қос салаға құйылған қаржының қайтарымы мен қайырымы мол болса керек. Осыны ескерген Үкімет Астананың білім және денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударып отыр. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Назарбаев университеті заман талабына сай білім беретін бірден-бір оқу ордасына айналды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы бойынша Астана қаласында іргелі істер жасалып жатыр. Айталық, бүгінде Астанаға аймақтардан ем-дом алуға ағылатын халықтың қарасы қалың болып отыр. Елорда ауруханалары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгендіктен, күрделі оталар жасауға қолайлы жағдай жасалды.
– Мәселен, елорданың білім және денсаулық саласына бөлініп жатқан қаржылары көңіл қуантады. Білімді айтсақ, Назарбаев университетін ең бірінші болып еске аламыз. Өйткені аталған оқу ордасында білім алған азаматтар білікті маман болып шығады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында тың бастамалар жүзеге асып жатыр. Айталық, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен елордаға келіп емделетін азаматтар көбейді. Мұның бәрі айналып келгенде Астананың білім және денсаулық сақтау саласына бөлген қыруар қаржы нәтиже беріп отырғандығын аңғартады, – дейді Сапарбай Досжан.
Жуырда елорданың 2017 жылға арналған бюджеті 372 миллиард 868 миллион теңге көлемінде бекітіліп, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер мен несие­лер – 153,4 миллиард теңге, жеке кірістер 212,6 миллиард теңгені құрайтын болды. Жалпы, жыл өткен сайын Астананың экономикалық әлеуеті артып, халқының тұрмыс-тіршілігі жақсарып келеді. Ұзын сөздің қысқасы, елорда экономикасы Қазақ елінің даму локомотивіне айналды.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button