БілімЖаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ

1236

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана­да азаттықтың ширек ғасыр тойына тамаша тарту жасаған рес­пуб­­ликалық «Егемен Қазақстан» газетінің сериясымен жарық көрген жинақтардың тұсаукесері өтті.

Шара барысында еліміздің бас басылымы ҚР Президентінің Баспасөз қызметімен бірлесіп жүзеге асырған «25 жылдың 25 сәті» жобасы аясында Тәуелсіздіктің ұлы мерекесіне орай «Жиырма бес жылдың жеңістері мен жемістері» және заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының егемендік алғаннан бері газетте басылған терең толғамды мақалаларынан түзілген «Дәуір дауысы» атты жинағы мен жыл сайын жұртшылық құмартып оқитын «Етжеңді» Егемен Қазақстан» кітабының жаңа басылымы оқырманға жол тартты.
Жаңа кітаптардың тұсауын бүгінгі қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы Серік Қирабаев пен қаламгер Сұлтан Оразалы кесті. Көрнекті ғалым Серік атамыз ғасырлық тарихы бар басылымның өткенінен сыр тартып, өзі де ұзақ жылдардан бері авторы атанған газеттің келбеті мен ой-өрісі жайында салмақты сөз қозғады. Қаламы жүйрік журналист, белгілі ғалым Бауыржан Омарұлы айтулы мерекеде жарыққа шыққан кітаптардың құндылығы мен жетістіктері туралы парасатты ой өрбітті.
Жалпы, «Егемен Қазақстанның» ел ішіндегі беделі зор. Сондықтан болар, «Егемен» дегенде кез келген қазақ еміреніп тұрады. Сонау өткен ғасырдың басында «Ұшқыннан» от алып, жаңаша түлеген басылымда қазақтың қаламы қарымды ардақтылардың қолтаңбасы қалды. Бүгінде солардың ізін орта мен жас буын өкілдері сәтті жалғай білді.
– Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесінде жарық көрген «Жиырма бес жылдың жеңістері мен жемістері» кітабында азаттықтың әрбір жылын терең толғаныспен баяндаған авторлардың еңбектері енді. Ал Әбіш ағамыз жайындағы «Дәуір дауысы» жинағына автордың біздің газеттегі парасатқа толы ойлы дүниелері басылды. Бұл көрнекті қаламгердің публицистикалық қырына қосылған сүбелі еңбек деп бағалаймын. Енді біз мұндай жинақты «Егеменге» еңбегі сіңген асылдарға арнауды жобалап отырмыз. Алдағы таңда Шерхан Мұртаза ағамыздың басылымда шыққан өткір мақалаларынан құрастырылған «Намыс найзағайы» деген жинақ жарық көреді, – деді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ, биылғы бас басылымның ширек ғасыр тойға әдейілеп ұйымдастырған «Тәуелсіздік: тұлға, тағылым, тағдыр» деп аталған шығар­машылық байқаудың қорытындысы шықты. Конкурстың ақылдастар алқасы шешімімен белгілі журналист Қайсар Әлім 1-орынға лайық деп танылса, Жақсыбай Мұсаев 2-орынды иеленді. Ал 3-орын Кенжеболат Жолдыбай мен Ахмет Өмірзаққа берілді. Айтқадыр Тілеуовке ынталандыру сыйлығы табыс етілді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button