Жаңалықтар

Қайырымдылық көрсетті

58

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау қарсаңында елордада өтіп жатқан «Астана – мейірімді қала» қайырымдылық акциясынан қалалық мәслихаттың депутаты, «Алкон+» ЖШС-нің директоры Аман Аюпов та тыс қалмай, шаһардағы мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған тұрғындарға және қарияларға көмек көрсетті.

Депутат бастаған бір топ азамат алдымен көзі нашар көретін қарт ерлі-зайыптының шаңырағына бас сұқты. Огладиндер отбасы тұратын пәтердің терезелерін жаңа пластикалық терезелерге ауыстырып берді. Үйдің отағасы Петр Огладин жасының егде тартқанына, көру қабілетінің төмендігіне қарамастан, «Встреча» дүкенінің маңында нан сатады. Ал жары Людмила болса үй шаруасындағы адам.
Бұл тұрғындардың бәрі №17 сайлау округінің депутаты Аман Аюповтың қоғамдық қабылдау барысында талап-тілектерін жеткізген еді. Сол өтініштер бойынша миының дамуында ауытқу бар 8 жасар бала мен арбаға таңылған қарт тұратын үйлердің кіреберістеріне пандустар орнатылды. Сондай-ақ, тыл ардагері, мүгедек А.Бесқараеваның үйіне кіріп-шығуы үшін шағын лифт тәрізді арнайы көтергіш құрал жасалды.
– Біз әрдайым аудандағы тұрғындардың жағдайынан хабардар болып отырамыз. Реті келсе, нақты істермен көмек қолын созуға тырысамыз. Елордада басталған «Астана – мейірімді қала» науқаны кезінде осы аймақтың жұрттың біразына сый-сияпат жасадық. Соның ішінде 1-топ мүгедегі Анатолий Сенчилюға серуендеуге арналған қоларба және туғаннан сал ауруымен ауырған Иван Бурецке велотренажер тарту еттік. Ол екеуі де мүмкіндігіне қарамастан, шаруамен айналысады. Бірі ағаш оюды және кәдесый жасауды кәсіп қылса, екіншісі көлік жүргізіп, жасы егде тартқан шешесіне қолғабыс болып жүр, – деді Аман Аюпов.
Сонымен қатар, огругтің ардагерлеріне есту аппараттары үлестірілді. Осындай сыйлыққа ие болған ақсақал Шортанбай Хамзин белсенді азаматтарға алғысын жаудырып, істеріне береке тіледі.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button