Басты ақпаратЖаңалықтар

Астана мен Мәскеу – «ақылды қала» технологиясын енгізуді қажет ететін мегаполистер

4fefb47676de9bbdcced2c087b4

Астананың Мәскеудегі күндері аясында қаланың сауда-өнеркәсіптік палатасында Іскерлік ынтымақтастық форумы өтті. Онда екі елорданың қарым-қатынасын  одан әрі нығайтып, бірлесіп қолға алған жобалардың іске асыру мәселелерін талқылады.

Маңызды шарада екі қаланың лауазымды тұлғалары мен кәсіпкерлері қатысып, өзара пікір алмасты. Ортақ мәселелерді сарапқа салды. «Ақылды қала» жобасы туралы жаңа ойлар айтылды. Әсіресе, Ресейлік кәсіпкерлердің қазақстанмен, оның ішінде елордамен іскерлік қарым-қатынас жасауға қызығушылықтары жоғары екендіктерін байқадық.

Іскерлік форумында Астана қаласының әкімі елорданың экономикалық қуаты мен даму барысы туралы салмақты сөз сабақтады.

– Бүгінде Астана халқының саны бір миллионнан асты. Қала экономикасы да жедел дамып келеді. Екі бас қаланың экономикалық жағынан ұқсастықтары көп. Сондықтан да іскер қоғамдастықтар арасында белсенді ынтымақтастық орнатуға ниетіміз зор. Екі жақта да озық бағдарламалар мен тың  технологиялар жетерлік. Біз оларды жемісті жүзеге асыра аламыз, – деді Әсет Исекешев.

         Сондай-ақ, елорда басшысы өз баяндамасында Астана экономикасының басым бағыттарына айрықша тоқталды. Қаланың серпінді даму белесін сөз етті. Әсіресе, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту арқылы олардың кірісін арттыру жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқандығын жеткізді. Халықты жұмыспен қамту және экономикалық модельдің жаңа құрылымдары жайында ой қозғады. Сонымен бірге МЖС моделін белсенді пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту, сауда секторларын көбейту, индустриалды құрылысты жандандыру, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мен  жаңа құрылыс технологияларын дамыту секілді бірнеше бағыттағы істеліп жатқан маңызды жұмыстарды әңгімеледі. Туризм саласына ерекше екпін беріп сөйледі.  Елордадағы жоғары сапалы деңгейде қызмет көрсететін медициналық бірегей орталықтар мен спорт кешендердің қызметі туралы айтты. Алдағы жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2107» халықаралық көрмесіне мәскеуліктердің белсенді қатысуына шақырды.

         – Мемлекеттік басқарудың тиімділігін еселеуге бүгінде жан-жақты зерттеліп жатқан смарт-шешімдерінің ықпалы зор. Бұл жұмыстың ашықтығын көрсетеді.ТКШ жүйесінің айқын қызметін қалыптастырады. Сондықтан қоғамдық көлік, білім және денсаулық сақтау  саласында смарт-шешімдерді енгізу қажет. Біз бұл тарапта бірқатар жобаларды жүзеге асырдық,- деді Әсет Исекешев форумда сөйлеген сөзінде.

         Ал  Мәскеу Үкіметінің министрі, қалалық Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыс департаментінің басшысы Сергей Черемин Ресей тарапы Қазақстанның Астанасымен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екендігін жеткізді.

         – Қазақстан Мәскеу қаласының алдыңғы ондыққа кіретін ірі сауда әріптесі саналады. Осы жылдың алғашқы тоқсанында қала бойынша Қазақстанның саудағы тығыз қарым-қатынасы сегізінші орынға көтерілді. Бұның барлығы екі елдің жақын байланысы деп айтуға болады. Астана –  бүгінде әлемдегі ең озық технологияларды, инвестицияларды тарта отырып, қарқынды дамып жатқан  қала. Әрине, қазіргі  іскерлік топтар арасында қарым-қатынас құру оңай емес. Біз өте күрделі экономикалық жағдайға тап болдық. Алайда Астана мен Мәскеу арасындағы интеграциялық өзара іс-қимылдың перспективалары  бар. Біздің қарым-қатынасымыз одан әрі дами береді.  «ЭКСПО-2017» халықаралық  көрмесіне белсенді қатысамыз, – деді Сергей Черемин.

         Оның айтуынша, «ЭКСПО-2 017» көрмесі мәскеулік іскерлік топтар мен кәсіпорындардың электр энергиясын өндіру технологияларын, оның сақталуы мен энергетика саласындағы жаңа жобаларды көрсетудің алаңы болмақ.

         Форум аясында Ресейдің бас қаласында қолға алынып, енгізуді жоспарлап отырған «Ақылды қала» жобасы таныстырылды.  Расында, осы жобаның тиімділігіне өзіміздің де қызығушылығымыз оянды.

         – Астана мен Мәскеу – «ақылды қала» технологияларын енгізуді қажет ететін мегаполис саналады.  Біз де «ақылды қала» жобасын дамыту бойынша Мосробот сияқты қызықты технологиялар қолға алынды.  Бұл көшеде немесе маршрутта болып жатқан оқиғалар туралы қала тұрғындарына тікелей ақпарат етеді. Сонымен бірге геоаналитика құралдарын пайдалану енгізіледі. Бүгінде  қалада төрт ірі мобильді оператор жұмыс істейді. Біз жасырын түрде қалада жүрген адамдардың ағыны туралы мәлімет аламыз және осы деректердің негізінде қалалық инфрақұрылымды дамытамыз, – деді «Ақпараттық қала» МБМ бас директоры Алексей Чукарин.

         Ал «Қалалық электрондық қызмет» ақпатарттық- технология департаментінің жетекшісі Дмитрий Иванов мәскеуде мемлекеттік порталы жемісті жұмыс істеп жатқандығын, оған қала тұрғындарының белсенділігі жоғары екендігін жеткізді.

         – Біздің портал арқылы қала тұрғындары әлеуметтік төлемақыларын білуге, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеуге, жолдамаға тапсырыс беруге, дәрігерге алдын ала жазылуға және көлігіңізге байланысты қарызыңызды төлеуге көп мүмкіндіктер жасайды. Сондықтан портал қанатын кең жайып келеді,- деді ол.

         Сонымен бірге, маңызды жиында мәскеулік әріптестер инновациялық қызмет ерекшеліктерімен және көшені абаттандыру секілді бірқатар атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Әрине, қаншама ғасырлық тарихы бар қаланың тәжірибесі мол екендігін айтқанда жөн. Біздің олардың тиімділігін ескеріп, өзімізге лайықтап пайдалана білсек, ұтарымыз мол. Форумда соған көзіміз жетті. Елорда басшысы да мәскеулік әріптестерінің жаңа жобаларына ерекше ынта білдіріп, олардан нақтылап сұрап, қызығушылық танытып отырды.

         Кездесуде Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров пен Мәскеудің ұлттық саясат, аймақаралық байланыс және туризм департаментінің  жетекшісі Владимир Черников ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды құжат екі қала арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ұлғайтады.

                   Азамат ЕСЕНЖОЛ,
                                                                                                          Мәскеу қаласынан

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button