Астана-20Басты ақпарат

Астана мерейтойындағы айтулы шаралар

ҚР Үкіметі қаулысымен Астананың 20 жылдығы аясында өтетін 175 шара бекітілді. Бұл шаралар халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде ұйымдастырылады. Елорданың мерейто­йына арналған шаралардың республикалық жоспармен қатар өңірлік жоспары жасалды. Өңірлерде 1800-ден аса шара өткізу көзделуде. Осылай деп Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан мәлімдеді.

Астананың 20 жылдығын атап өту үш кезеңнен тұратыны белгілі. Негізгі кезең өткен жылдың 10 желтоқсанында басталып, 6 шілдеге дейін жалғасады. Осыны еске салған Алмаз Шәйкенұлы министрлік елорданың мерейтойы аясындағы шаралардың бірыңғай бағдарламасын әзірлегенін жеткізді.
«ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде халықты тартқан этноауыл маусым айында қайта ашылып, қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Онда «Алпамыс», «Трапеция мектебі» атты театрландырылған цирк шоулары ұйымдастырылады. «Астаналар шеруі» атты көлемді халықаралық жобаға ерекше мән беріп жатырмыз. Оған Париж, Берлин, Лондон, Мәскеу, Сингапур, т.б осы сияқты әлемнің 20 астаналарының жетекші шығармашылық ұжымдары, танымал әртістері, даңқты спортшылары қатысады» деді ол.


Оның айтуынша, «Astana Musical» театры әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің авторлары Риккардо Коччанте мен Люк Пламандонмен бірге аталмыш туындының тұсаукесерін өткізеді. Астанаға гастрольдермен Мария театры, Американ балет театры келеді. Сондай-ақ, «Астана» атты ІІ дүниежүзілік театр фестивалі өтеді. ҚР Ұлттық музейінде маусым-қараша аралығында халықаралық көрмелерұйымдастырылады. Биыл Қазақстанның Ұлыбританиядағы, Жапониядағы, Қытайдағы күндері және Өзбекстанның, Әзербайжанның, Ресейдің Қазақстандағы күндері өтеді.ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева кітап ордасы Астана мерейтойына арнап әлемнің танымал 20 кітапханасының көрмесін өткізетінін жеткізді. 19 мемлекеттің кітапханаларында Қазақстанның әдеби және мәдени орталықтарын ашқандарын мәлімдеген ол осындай жиырмасыншы орталық биыл Германияда ашылатынын, осылардың бәрі көрмеге келетінін айтты. «Былтыр Францияның BULAС атты үлкен кітап­ханасында Мұстафа Шоқайдың қолжазбаларын таптық. Кітапхана бізге бұл қолжазбаларды тапсыруға дайын» деді кітапхана директоры.


«Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаевтың айтуынша, биыл аталмыш өнер ошағы Астана мерейтойына «Жизель» балетімен қоса қазақ ертегісі желісімен қойылатын балетті тарту етеді. Бұл туындының либреттосын Бақыт Қайырбеков жазып жатыр.
«Астана Опера» театры директорының орынбасары Александр Совостьяновтың сөзінше, биыл бұл театрдың «Біржан-Сара» операсының премьерасы ашық аспан астында өтеді. Кастинг жарияланып, қазіргі таңда бас кейіпкерлерді сомдайтын әртістер таңдалып жатыр. Бұған қоса, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Севилья шаштаразы», «Евгений Онегин» опералары «Корсар» балеті қойылады. Пекиннің ұлттық опера
театрымен бірге қойылатын «Турандот» операсын сахналауға әлем мойын­даған режиссер Тимур Бекмамбетов шақырылып отыр. Қазіргі таңда онымен келіссөздер жүріп жатыр.
Алмаз Нұразханның айтуынша, Астана мерейтойына арналатын айтулы
шараларға билеттер техникалық себептерге байланысты электронды саты­лымға әлі түскен жоқ. «Алдағы наурыз айында сатыла бастауы тиіс» деді ол.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button