Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…

Алматы

Алматы әкімдігі қаланың эколо­гиялық ахуалының 2018-2025 жылдарға арналған жоспарын бел­гіледі. Енді 2025 жылға таман ауаға таралатын ластаушы заттардың көлемі жылына 74 969 тоннадан 72 012 тоннаға төмендетілмек. Ал автокөліктерден бөлінетін зиянды заттар жылына 80 мың тоннадан 38 мың тоннаға дейін азайтылады.

Қарағанды облысы

Шахтинск қаласында балабақша кезегін толығымен шешу мәселесі қарастырылып отыр. Осы мақсатта алдағы жылы фин технологиясымен 320 бүлдіршінге арналған мекеме салынбақ. Қазіргі уақытта кезекте 300 бала тұр.

Түркістан облысы

Бәйдібек ауданында құны 1,3 млрд теңге болатын спорт кешені пайдалануға берілді. Оның ішінде волейбол, баскетбол, футбол, сондай-ақ жабық теннис корты мен жүзу бассейні секілді үйірмелер қарастырылған.

Қостанай облысы

Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы өткен жылмен салыс­тырғанда едәуір артқан. Осы жылдың 9 айында 227,6 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы 63,3 мың шаршы метр үй тапсырылады.

Ақмола облысы

Ақмола облысында 2 млн тоннаға жуық астық экспортталды. Оның 1907,9 мың тоннасы шетелге, ал 492,6 мың тоннасы еліміздің өзге аймақтарына шығарылды. Жыл соңына дейін қосымша 950 мың тон­на астық жөнелту жоспарланып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы

Өңірде 1 қарашадан бастап жарық пен жылу арзандады. Осыған дейін 1 киловатт-сағат электр құны үшін жеке тұлғалар 13,22 теңге төлеп келсе, енді бұл баға 11,8 теңгені құрайды. Ал заңды тұлғалар 16,32 теңгенің орнына 14,57 теңге төлейді.

Маңғыстау облысы

Жыл басынан бері аймақта 27 мың жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 22 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұған кәсіпкерлік сала­сының септігі тиіп отыр. Қазіргі уа­қытта 510 адам өз жобасын қорғап, 192 тұрғын кәсіпкер атанды.

Атырау облысы

12-13 қараша күндері «International Education Fair» шетелдік жоғары оқу орындарының ірі көрмесі өтеді. Мұнда әлемнің 40 елінен 200 университет өкілдері қатысып, 20 мың тегін білім беру грантын ұсынады.

Шығыс Қазақстан облысы

Өңірдегі білім ошақтарында IT-сыныбын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда оқушылар робототехника, бағдарламалау тілдерін және 3D модельдерін жасау негіздерін үйренеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button