Қоғам

Өтемақы талап етпейміз!

Қазақтың ұлан-ғайыр даласына зымыран құлауы тыйылар емес. Қазан айында Байқоңырдан ұшырылған «Союз-ФГ» зымыран тасығышы Жезқазғанға жақын жерге құлады. «Роскосмос» арада 20 күн өткенде ғана апаттың себебін жариялады. «Союз» әуеге көтерілген соң бірнеше минуттан кейін басқышты ажырататын датчик істен шығыпты. Ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейг мінген капсула жерге қонды. Адамдар дін-аман. Қош делік.

Кейінірек анықталғандай, зымыран тасығыш 47 шақырым биіктікте жарылған. Сол себептен жерге төгілген 22 тонна керосиннің ешқандай зияны жоқ. Бұл – біздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйғарымы. «Біз Ресей тарапынан ешқандай өтемақы талап етпейміз! Өйткені зерттеулер нәтижесінде бәрі нормаға сәйкес екендігі анықталды» деп мәлімдеді министр Бейбіт Атамқұлов. Осылайша, ол дүйім елді елеңдеткен мәселеге өзінше нүкте қоя салды.
Шынында да солай ма? Бір кездері жаңаарқалық ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз:
«Келгендей Арқаға құрдым,
Тажалға лағнет мейлі –
Жаңаарқа, Қарқаралының
Базарда малы да өтпейді.
Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай, ретің сынар:
«Гептильді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар…» деп жазып еді.
Бір өкініштісі, ғарыш саласына жауапты шенеуніктеріміз Ресейдің сөзін сөйлегіш. Бұрын «Қазғарышты» басқарған Талғат Мұсабаев 2007 жылы Жезқазғаннан 40 шақырым жерге құлаған «Протонның» гептилі ауада жанып кеткенін айтты. Бірақ көп ұзамай Ресейдің өзі экологиялық зардапты мойындап, 2,5 млн доллар өтемақы төледі. Бұл жолы Бейбіт Атамқұлов неге табансыздық танытып отыр? Құлаған зымыранның оның өзінің, отбасының денсаулығына ешқандай зияны жоқ шығар. Бірақ… Қызылорда мен Жезқазғанның сәбилері соңғы 10-15 жылда онкологиялық ауытқушылықпен туып жатыр. Ғалымдардың зерттегеніндей, топырақ арқылы азық-түліктен адам ағзасына жететін гептильдің уы орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Ондай адам ұмытшақтыққа, селқостыққа, ұйқысыздыққа ұшырайды. Бір ғана мысал. Менің ауылыма жақын жерге (Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы, Кежек ауылы) бір кездері «Протон» құлады. Егінжайдағы зымыранның қалдығын қорасының үстіне әкеп қойған ауыл тұрғыны – Бораш аға ертеңіне көз жұмғанда, жұрт жағасын ұстаған. Мұндай мысалдар жетерлік.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button