Елорда тынысы

Азия балуандары Астанада белдесті

Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеде алып құрлықтың 24 елінен келген 400 балуан бағын сынайды.

Елордадағы Жақсылық ­Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен басталған Азия чемпионатының ашылу салтанатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Біріккен күрес әлемі – UWW бюро мүшесі, UWW Азия кеңесінің президенті, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов жарысқа қатысушы спортшылар мен делегация өкілдеріне сәттілік тілеп, жанкүйерлерге ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет ­Байкен де турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Көпшілік күткен күрес са­йысы биыл бас қаламыз Астана төрінде екінші мәрте ұйымдас­тырылып отыр. Айтулы бәсекенің өтуі спортшыларымыз үшін маңызды. Өйткені мұндай жарыс­тар спортшыларды шыңдауға мүмкіндік беретініне, елімізде күрес түрлерін танымал етуге септігін тигізетініне сенімдімін. Бүгінде еліміздің балуандары әлем және Азия чемпионат­тарында жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Олардың жетістіктері өскелең ұрпақты спортпен айналысуға, үлкен мақсаттар қоюға және оларға қол жеткізуге шабыттандырады.

Спорт – ел жетістігінің белгісі, бейбітшіліктің кілті. Осы орайда бүгінгі дүбірлі додаға Азия құрлығының 24 елінен келген Олимпиада ойындары, әлем және құрлық чемпиондарына сәттілік тілеймін! Ал еліміздің балуандарына жоғары жетістік тілей отыра, осы Азия чемпионатында еліміздің туын көтеріп, әнұранын шырқатуларыңыз­ға тілектеспін! Ең мықтылар жеңіске жетсін!  – деді жарыстың ашылу салтанатында сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Біріккен күрес әлемі қауым­дастығы UWW атынан Азия чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге еңбек сіңірген Асхат Ораловқа, Есет Байкенге және Дәулет Тұрлыхановқа арнайы сыйлық табыстады.

9-14 сәуір аралығында өтетін чемпионатта жалпы есепте 30 салмақ дәрежесінде жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады. Күрестің әр түрінен 10 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Чемпионаттың бірінші күні грек-рим күресі бойынша 5 салмақ дәрежесінде жүлдегерлер анықталды. Бұл күні Иран ба­луандары 55, 63, 87 және 130 келі салмақта чемпиондық атақты жеңіп алды. Тек 77 келі салмақта Қырғыз елінің балуаны Ақжол Махмудов алтын медаль иеленді. Қазақстан қоржынына 4 медаль түсті. Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс жүлдегер атанды, ал Аманғали Бекболатов (55 келі), Мұхамедәлі Мамырбек (63 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.

Кеше грек-рим күресінен тағы 5 салмақ бойынша жүлдегерлер анықталды. Бүгін және ертең әйелдер күресінен бәсекелер өтеді. Ал 13-14 сәуір күндері еркін күрестің шеберлері белдеседі.

Азия чемпионаты күн сайын күндізгі сессия сағат 11:00-де (іріктеу, жартылай финал және жұбаныш белдесулері), кешкі сессия 18:00-де (І және ІІІ орындар үшін финалдық белдесулер) басталады.

Алып құрлықтың үздіктері сынға түсіп жатқанда, ел намысын қорғайтын қазақ ­балуандарына жанкүйер болайық, ағайын!

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button