Қоғам

Ғалым ғибраты

Елорданың Мемлекеттік архивінде көрнек­ті ғалым, Қазақстанда жерге орналастыру ғылымының негізін салушылардың бірі, Астана қаласының құрметті азаматы Моисей Гендельманның туғанына 110 жыл толуына арналған «Шексіз өлке майталманы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Ғалым Житомир облысында туып, Харьковтағы аумақты ұйымдастыру ­институтын аяқтады. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Одесса ауыл шаруашылығы институтының аспирантурасын бітіріп, осы оқу орнында еңбектенді. Майданға аттанып, Берлинге дейін жетті. Соғыстан кейін Одесса ауыл шаруашылығы институтының «Жерге орналастыру» кафедрасының меңгерушісі болды. 1957 жылы Мәскеудің К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының докторантурасын тәмамдап, диссертациясын қорғағаннан кейін оны Ақмоладағы жаңа ауыл шаруашылығы институтын ұйымдастыруға жіберді. Бұл – қазіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті. Моисей Гендельман бастапқыда осы оқу орны директорының оқу және тәрбие ісі бойынша орынбасары болды. 1961-1982 жылдары, жиырма жылдан астам уақыт аталмыш оқу орнының ректоры болып қызмет істеді.

«Тың аймағында жаңа жоғары оқу орнының салынуы маңызы жағынан ірі оқиға болды. Бұл осы өңірдегі жоғары оқу орындарының атасы іспеттес еді. Жоғары оқу орны белсенді қызмет ететін ғылыми мектептер мен олардың шоғырланған орны ретінде қарастырылды. Ең басты бағыт тек ауыл шаруашылығы саласының мамандарын дайындайтын оқу орны ғана емес, білікті ғалымдарды да шығару болды» деген еді бір естелігінде Моисей Гендельман.

Ғалым жарты ғасырға жуық уақыт Ақмолада ауыл шаруашылығы саласы мен ілім-білімнің, ғылымның өркендеуіне үлес қосты. 2005 жылы Астана қаласында 92 жасында өмірден өтті. Кейіннен қызы Светлана әкесінің 1933-2005 жылдарды қамтитын құжаттарын қалалық архивке тапсырды. Дөңгелек үстел мәжілісіне қатысушылар сол құжаттармен танысып, ғалымды еске алды.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button